"КҮН" КӨСЕМДІ ЖЫР КӨСЕМІ АУЫСТЫРДЫ

Енді Әлихан Бөкейхан Октябрь ауданын алуы керек

  Қарағандыдағы қатқан сең қозғалды. Он көшесінің аты ауысты! Ең бастысы -басты көше - Ленин көшесі енді Абай көшесі болады! "Күн" көсемді Жыр көсемі ауыстырды! Ойпырмай, сонда осы уақытқа дейін Арқадағы ең үлкен өндірісті қалада қазақтың бас ақыны - ұлы Абайдың атындағы көше болмаған ба? Иә, біздің Қазақстанда бәрі бола береді... Өйткені, Ресей тілін білмейтін қазақ баласы бір бөлке нан сұрап жей алмаған Қарағанды ғой бұл! Ол туралы "Қазақ үнінде" жазғанымыз интернетте біраз шу болып еді кезінде... Көше аттарын жаңартудың шығынын көтеріп алған "Нәтиже" компаниясы президенті Ерлан Әшімдей ерге ел риза, Алла жар болсын! Ал Абай туралы Абайдың тілінде ақтарылып сөйлеген орыстың сүйкімді аруы Лизаның сөзін біздің қазақ тілін білмейтін, жазып алған қазақшасын жаңылып зорға оқитын әкімдер мен министрлерге, шекесі тар шенеуніктерге тыңдату керек! Ана жылы Қарағанды облысының әкімі болып келген Ерлан Қошановтың "Орыс тіліндегі іс қағаздарын қабылдамаңдар" деген нұсқауына сүйініп, "Қазақ үніне" мақала жазғанымызда бір күнде 20 мыңға жуық адам оқып, интернетті жарып еді... Енді міне, облысқа жас әкім Жеңіс Қасымбек келе салысымен жеңісті қадамдар басталып кетті. Жиынды сәтті ұйымдастыра білген қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке де алғысымыз зор! Алла разы болсын дейік. Айтқандай, 2016 жылы қаладағы Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атына ауыстыруға Президент әкімшілігі келісім беріп қойса да, сол кездегі облыс әкімі үш-төрт өзге ұлт өкілі -зейнеткерлердің ойбайынан қорқып қоя салғанын естіп, намыстан өліп кете жаздап, біраз тулап едік. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдай уақыт болса да, біздің шенеуніктердің өзге ұлт өкілдері бірдеңе десе, тәспісінен жаңылып, есінен танып шыға келетін құлдық саналы әдеттері қалмай-ақ келеді... Енді сол бейшаралықтың қарымтасын қайтарар кез келді! Кейін облысқа әкім болып келген Ерлан Қошанов: «Октябрь ауданының атауын өзгерту мәселесі облысымызда жиі көтеріледі. Мен де өз басым ауданның атын өзгерту дұрыс деп санаймын. Уақыты келген де шығар. Қарағандыда Ленин көшесі күні бүгінге дейін бар. Әлихан Бөкейханның еңбегін, ұлылығын мойындаймыз. Бұл мәселе менің алдымдағы әкім кезінде де қаралған болатын, қазір де біздің қарауымызда. Мұның өз рәсімдері, тәртібі бар. Октябрь ауданы – республикадағы ең ірі аудандардың бірі, мұнда 260 мың адам тұрады. Егер бұл жұмыстар мен әкім болып келгенге дейін бәрі дайын тұрғанда, қазір ауыстырып та жіберер едік. Қоғамдық тыңдаулар өткізуіміз керек, соның бәрін реттей келе, тиісті шешім қабылдауымыз қажет», —деген болатын сол кезде Қошанов Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Ал енді қазір Ерлан Қошанов Президент әкімшілігі басшысы, яғни еліміздегі саяси шешімдер қабылдайтын ең жоғары билікте отыр. Енді не тұрыс бар? Алаш көсемдері құрған Қазақ Республикасының 100 жылдық мерекесінде Алаш көсемі Әлиханның атын Алаштың түбіне жеткен "Октябрь" атындағы ауданға қойсақ, тарихи әділеттілік емес пе?!. Аман болсақ, оған да жетерміз! Алла жар болсын! Қазыбек ИСА Qazaquni.kz