Берік ИСМАЙЫЛОВ: Нәзік жанды періштелерімізді аялай білейік!

  Қызылорда облысының Жаңақорған ауылында шаң жұтып, топырақ кешіп, Сырдың суы сирағынан келмей, қаннен-қаперсіз өскен қара бала күндердің күнінде Тәуелсіз Қазақстанның сән әлемінде танымал кутюрье – қазақша айтқанда «атақты тігінші» болады деп кім ойлаған? «Кеңесіп пішілген тон келте болмас». Қай мағынасында қолдансаңыз да, осы мақал біздің бүгінгі кейіпкерімізге лайық болып тұр... Бүгінде Берік Исмайыловқа келісті тон, үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек, зерлі бешпет, оқалы камзол, сәнді киім, сахналық көйлек, күнделікті киетін белдемше мен шалбарға дейін тіктіріп киіп жүрген қарапайым адамдар да, танымал артистер мен атақты жұлдыздар аз емес. Тіпті, белгілі саясаткерлер де бұл мәселеде Беріктің ақылына жүгінеді. Ресейдің, дәлірек айтсақ, Омбы политехникалық институтының нағыз ер-азаматқа лайық – авиация инженері мамандығын үздік оқып бітірген Берік Исмайылов сән әлеміне қалай тап болды екен? Бұл туралы өзі әңгімелеп берсін... – Адам бойындағы кез келген қасиет қанмен беріледі деп ойлаймын. Менің әкем Әбдеш те, анам ...... да қолөнер шебері болған. Әкем тері илеп, былғарыдан әртүрлі тері бұйымдарын жасаса, анам жүн түтіп, ұршық иірген, кілем тоқып, киіз басқан, текеметке түр салып, киім тоқыған, қысқасы, қолөнердің барлық түрін меңгерген. Бала кезімізде осы тірліктің бәрін бізге зорлап істеткізетін... Біз үйде тоғыз ағайындымыз, бірақ солардың ішінде қолөнерге бейімі мен болдым, осы қасиетті қолөнер маған қоныпты. Есімде, бала кезімде анам поштаның қалың сары қағаздарынан қалта тіккізіп, ол қалтаға талқан салып, базарға апарып сататын. Өйткені, әкем ертеректе қойма меңгерушісі болып қызмет атқарған кезінде қоймадан зат ұрланып, «сен ұрлағансың» деп, менің әкемнің мойнына іліп, қамап жіберген. Шиеттей бала-шағаны асырау үшін анам әртүрлі қара жұмысты да істеген, өнерін де пұл еткен. Біз анама, қай шаруада болмасын, көмектестік. Анамызға қолқанат болу біз үшін қуаныш еді. Тігін машинасына отыра қалып, талқан салатын қалта тігуді үйрендім де, бірте-бірте әпке-қарындастарыма белдемше, көйлек тігіп беретін болдым. Ержете келе, өзіме шалбар тігіп киетін дәрежеге жеттім. Әсіресе, студент кезімде әртүрлі киім тігуге білек сыбана кірістім, өйткені жаспыз, жақсы киінгіміз келеді, сәнді жүргіміз келеді... Әрине, «жігіт адамның тігін тіккені несі?..» деген сыпсың сөздер аз айтылған жоқ. Тіпті, ағаларым «әйелдің тірлігін жасап жүрсің, сен үшін біз намыстанамыз... осы тірлігіңді қоймасаң, көресің!..» деп, менің тіккен киімдерімді жыртып тастаған күндері де болды. Өзім де осы өнерді қойсам қояйын деп, бұл кәсіптен бас тартқан сәттер де кездесті. Бірақ, Пайғамбарымыздың хадисінде «Алла тағала өзіңе ризық табу үшін берген кәсібіңді тастама» дейді екен, сол айтпақшы, қолөнер – өз ризығымды адал табу үшін Алла тағаладан берілген қасиет, кәсіп деп білемін. – Дегенмен, 5 жыл инженер мамандығын оқып, Ташкент авиазаводында 11 жыл инженер болып қызмет етіпсіз. Бір сөзбен айтқанда, 16 жылдық еңбек – аз тәжірибе емес. Тіпті, сол авиазаводта бөлім бастығы қызметіне дейін көтеріліпсіз... – Иә, ол рас. Мектепті де, институтты да жаман оқыған жоқпын, инженерлік қызметімде де жақсы маман ретінде көзге көріндім. Бірақ 80-ші жылдары қайта құру кезеңі басталды, қаншама маман өкіметке керек болмай, далада қалды. Әртүрлі кооперативтер құрылды. Аға буын жаңа өмірге бейімделе алмай, не ары емес, не бері емес, екі ортада сергелдеңге түсті. Ал біз ол кезде небәрі 25-26 жастамыз, кооператив те құрдық, киімнің түр-түрін – көйлектен бастап, күрте, пальтоға дейін тігіп саттық. Көп кешікпей 90-шы жылдардағы дағдарыс басталды. Халық жұмыссыз қалды, қайда барарын білмей, сергелдеңге түсті. Біз заманның ауырпалығына да, талабына да тез бейімделдік. Басқа амалымыз болмады, өйткені әйелім Гүлнәр екеуміз институтта жүргенде танысып, 4 курста шаңырақ көтерген болатынбыз. Екі баламыз бар. Көп ұзамай завод жабылды. Содан ары ойлап, бері ойлап, біз де басқалар сияқты, қытайдың ала дорбасын арқалап базарға шықтық. Қолдан келетін өнер болғандықтан киім тіктік. Ол кезде «комиссионный» дүкендер болатын, арзан заттың түр-түрі сатылатын. Сол дүкеннен мата сатып алып, төсек жаймаларын тігіп саттық, кәмшат жағалы пальтолардың жағасын сөгіп алып, бас киім тіксек, пальтодан сәнді киімдер тіктік. Әлі есімде, сонау Польшаға төсек жаймаларын апарып сататынбыз. Сонда алғаш рет 100 доллар табыс тауып, «кәрі қыз бала таппайды, бала тапса – қоярға жер таппайды» дегендей, әлгі 100 долларымызды біресе жастықтың, біресе көрпешенің астына жасырамыз, біресе кітаптың арасына тығамыз, біресе сандыққа саламыз, үш күннен кейін қайта аламыз...сөйтіп жүріп оны жоғалтамыз, қайта тауып аламыз...ол ақшаны көршіге қарызға береміз, екі айдан соң қайтып алып, қайта жасырамыз, қайта жоғалтамыз... (күлді) сондай қызықтар да болған... Ресей базарында да сауда жасадық, «рэкетирлердің» тонауына да түстік... Талай қиындықтарды көріп, соның бәріне төзіп, осы күнге жеттік. Тәубе деймін. Менің басымнан өткен қиындықтарды, қандай ауыр сындардан өткенімді менің жақындарым ғана біледі. Құдайдың өзі осыған итермелеп әкелді, осы өнерді кәсіп еткеннен жаман болған жоқпын. – Сән өнері, сән әлемі – ең алдымен, суреткерлік қабілетпен қоса, ұшқыр қиялды талап етеді. Білімді де болуың керек, келген адамдармен тіл табыса білетін психолог та болуың керек, бір сөзбен айтқанда, жан-жақтылықты талап етеді. Арнайы осы саланы оқытып-үйрететін оқу орындары аз емес. Модельер кәсібін оқыдыңыз ба, әлде жылдар бойы бойыңызға жиған тәжірибенің арқасында ғана сән әлемінен өз орныңызды алдыңыз ба? – Ташкентте жүргенде завод жабылып, жұмыссыз қалған өліара шақта біраз уақыт мектепте сызу пәнінен сабақ бергенім бар. Барлық сабағым аптаның бір күнінде өтеді, қалған 6 күн боспын. Сонда «Работница» журналын сатып алып, Любовь Красникова-Аксенованың жүйесі бойынша киім тігуді үйрендім. Ташкентте жүрген сол күндердің бірінде өзім журнал арқылы білетін сол Любовь Красникова-Аксеновамен жолығудың сәті түсті. Ол кездесуді тағдырдың маған жіберген сыйы деп есептеймін. Шебер модельер мені Мәскеуге өзінің мектебінен дәріс алуға, оқуға шақырды. Дизайнер-конструктор дипломы қолыма тигенде ғана өмір бойы нені іздегенімді түсіндім. Сол күні өмірге жаңа келгендей, ерекше қуанышпен, өзіме деген сеніммен, Мәскеукөшелерін бірнеше сағат жаяу шарладым... – Бірінші рет халық алдында есеп беріп, шоу-концерт өткізбексіз, дайындығыңыз қалай? – Шоу-концерт ұйымдастыру оңай емес екен. Бұндай қиын боларын білгенде, өткізер ме едім, өткізбес пе едім... «Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісовалардан бастап, қаншама өнер жұлдыздарына киім тіктім, солардың басын қосып, өз коллекциямды жұртшылыққа ұсынсам... 50-ге кеп жатырмыз, бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар демекші, осыған дейін не бітірдім деген сұраққа жауап іздеп, ел алдына шығып есеп берсем» деген мақсаттан туған ой еді. Роза, Мақпалдарға осы ойымды айтып едім, «несі бар, жаса, қолымыздан келгенше көмектесеміз!..» деген соң, кірісіп кеткем ғой. Сөйтсем, бұның қиындығының бәрі алда екен... Ұсақ-түйек ұйымдастыру жұмыстарын айтпағанда, қаншама ірі мәселелер алдымнан көлбеңдеп шығып, біраз басым айналып жүрген жайым бар. Бәріне өзім жүгіруіме тура келеді. Дегенмен, бастаған соң, аяғына дейін жеткізу керек. Мұрыннан сүрлігіп дайындалып жатырмыз. Төрт бөліктен тұратын жаңа коллекциям түгел дайын деуге болады. Әншілер де, сахна декорациясы да біршама дайын болып қалды. Екінші жағынан, айналдырған үш жылдың ішінде әкем, ағам, жеңгем... бірінен кейін бірі қайтыс болды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар ғой... Бір күні бақиға аттанған жақындарыма арнап «Жоқтау» деген коллекция жасасам деген ой келді. Көп ұзамай ол коллекция да дүниеге келді. Осы шоу-концертте көрсетілетін топтамамның бір бөлігі «Жоқтау» деп аталады... – Көктем мерекесі қарсаңында қыз-келіншектерге деген тілегіңізді арнасаңыз... – Біздің қыздарымыз, әйелдеріміз, аналарымыз бүгінгіден әлдеқайда бақытты өмірге лайық. Әлемнің бар асылын оларға сыйлап, әркез еркелетіп, аялайбілсек, өзіміз де бақытты болмаймыз ба? Мысалы, өз басым, Ташкентте жүргенде сәнқой қыз-келіншектерге әдемі көйлек тігіп беретінмін, тапқан табысыма әйеліме бағалы сыйлықтар жасайтынмын, шетелге қыдыртатынмын. Еркек адам өзін қай кезде нағыз еркек, нағыз күйеумін деп санай алады? Оның жары кигісі келгенін киіп, ішкісі келгенін ішіп, бақытты, өміріне риза болып, көңілді жүргенде ғана. Мен әйеліме сол заманда өте қымбат, табыла бермейтін («импортный») шетелдік етік әперетінмін, жыл сайын демалысқа шетелге қыдыртатынмын. Сондықтан қыз-келіншектердің қабағында кірбің болмай, бақытты, жайнап, жадырап өмір кешуі бізге – ер-азаматтарға байланысты деп ойлаймын. Сондықтан жігіттерге нәзік жанды періштелерімізді аялай білейік дегім келеді. Ал қыз-келіншектерге, аналарымызға амандық, отбасының береке, шаңырағында әркез мереке болсын деп тілеймін! – Кешіңіз жақсы өтсін, өнеріңіз өрлей берсін! Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Сәуле ӘБЕДИНОВА