Семей әкімі бос сөзден нақты іске қашан көшеді?

     Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей міндеттеуі бойынша әкім атаулының барлығы жыл басталған кезде өткен жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп берумен әбігер болып жатады. Осы үрдіске бірнеше жыл болды.

Ақпан айының 17-сі күні Семей қаласының әкімі А.Кәрімов те қала тұрғындарының алдында қорытынды есебін беріп арқасы бір кеңіп қалды. Алдында Семейді қоршаған бірнеше ауылдық округтерге барып жергілікті әкімдердің ел-жұртпен бірге есебін тыңдап, олардың жұмысына баға беріп, халықтың сұрақтарының біршамасына жауап берген болды. Жауабының көбісі «жергілікті әкім кінәлі, жұмысты дұрыс жолға қоя білмеген» дегеннен аспады. Ауылдық округ әкімдері, жеткілікті қаражаты болмаса, 10-20 жыл бойы шешімін таппай қордаланып қалған проблемаларды қалай шешпек? Олар, қала әкімі кінәлі екенін біліп тұрса да, соған тәуелді болғаннан кейін не үндемей, не «сіздікі дұрыс, қате бізден...» деп құтылады. Мысалы, Семейдің маңындағы Шақаман, Приречное, Восход, Водный, Связист т.б елдімекен тұрғындары әлі күнге дейін лас, мал суаруға да жарамсыз су ішіп отыр. Басқа лажы жоқ. Бұрын кеңес дәуірінде тартылған су құбырлары шіріп, тозып біткен. Тұрғындар «егемендік алғанымызға 20 жыл болса да көрген күніміз осы, дәрменсізбіз, жеке басының қамын ғана ойлайтын А.Кәрімов сынды әкімдердің кесірінен таза ауызсуға зәру болып отырмыз...» деп қамығады. 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында осы проблемаларды халық сол кезде жаңа тағайындалған Семей әкімі А.Кәрімовпен кездесу барысында жеткізген. Біртіндеп шешеміз деген уәдесін де естіген. Содан бері 1 жыл өтті. Ондаған елдімекендердің бір проблемасы шешілді ме? Жоқ. Көшелерге жарық жүйелері тартылмағандықтан, жарық шамдары орнатылмағандықтан тастай қараңғы, жол деп атауға да болмайтын ойық-ойық, автокөліктер әзер жүретін, бұрынғы жолдардың нобайы ғана қалған көшелермен бастпақ кешіп жүруге мәжбүр. Бірде бір елдімекеннің таза ауызсуға қолдары жетпеді. Ауыл және қала шетінде тұратын, мал ұстап, сонымен күн көріп отырған адамдар, «жайылым жер жоқ, ауыл іргесіндегі жерге дейін жекеменшікке сатылып кеткен, ал біз күнімізді қалай көреміз?..» деп зар қағуда. Осы мәселені де А.Кәрімовтің алдында тұрғындар жыл бойы көтеріп келеді, бірақ әлі күнге дейін бірде-бір ауылдың жайылым мәселесі шешілген жоқ. Айта берсе, жүздеген осындай көзге ұрып тұрған мәселелерді тізіп беруге болады. А.Кәрімов сияқты әкімдердің кесірінен ел жағдайының түзелетін түрі жоқ. Осының барлығы әкім атаулы­лардың халық алдында есептері­мен қоса міндеттеме алмауында. Міндеттеме алмаса не жөнінде есеп береді? Қарапайым халықты жалпы ішкі өнімнің пайыздық өсуі т.б. жалпы көрсеткіштерден гөрі өздерінің зардап шегіп жүрген мәселелері (таза ауызсу, жайылым, жарықтандыру, жолдардың жөнделуі, көлік қатынасы, мектеп, аурухананың жоқтығы т.б.) шауалар көбірек алаңдатады. Ал А.Кәрімов сынды лауазымы жоғары адамдар бар проблемаларды шешіп, елдің көңілінен шығудың орнына, жеке кәсіпкерлер қарызданып- қауғаланып кәсіпорнын дамытып жаңа өнім шығарса, не болмаса несие алып, барын салып кәсіпорын ашып, тауар өндіре бастаса, оны мен істедім деп өз есебіне қосып алады. Жеке кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашса оны да өзі ашқандай есебіне қосады. Әкім атаулылардың ел алдындағы есептері, міндеттеме алмағандықтың кесірінен, көбінесе формальді түрде өтеді. Міндеттеме алған жағдайда әкім нақтылы салалар, нысандар, елдімекендер, көшелердің атауларын атап тұрып есеп берер еді. Ондай кезде тұрғындарға да әкім жұмысына баға беру оңай болады. Қазіргі кезде болашақ үш жылға бюджетті жоспарлау үрдісі қалыптасқан. Бұл өте жақсы. Бұл бюджеттің шығыс бабына қосымша 3 жылда (әр жылда істелетін шаралардың атын атап тұрып, жұмсалатын ақшаның көлемін, игерілетін мерзімін көрсетіп тұрып) тізім дайындап, нақтылы міндеттеме алса дұрыс болар еді. Анық, қарапайым және ұғынықты жоспарға не жетсін. «Ақ жол» партиясының мәжіліс құрамындағы депутаттары да осы әкімдердің өз мойындарына әлеуметтік, инфрақұрылым бойынша нақтылы міндеттеме алуы туралы мәселе көтерсе халықтың билік орындарына, партия атаулыларына сенімі артып, проблемалардың шешілуі нақты жолға қойылар еді. Біздіңше, аудан әкімдерін халық сайламай, іс оңға баспайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2020-2030 жылдарға даму стратегиясын құрып, нақтылы салаларды анықтап, сатылап іске қосылатын мерзімін айқындап, ел алдында міндеттеме алып, оны абыроймен орындап келеді. Ал жергілікті әр деңгейдегі әкімдер міндеттеме алмайды. Бұны қалай түсінеміз, ағайын? Орынбек СӘРСЕНБИН