Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы 550 мың теңге болады
2019 ж. 20 желтоқсан
1977
0
Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдады. Соның аясында дәрігерлердің жалақысын жарты миллион теңгеге дейін өсіру жоспарланған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бағдарламаның маңызды бір бағыты – адам капиталын дамыту. Соның аясында медицина қызметкерлерінің кәсіби дайындығын арттырып, биомедициналық зерттеулер нарығын дамыту жоспарланған.
"Жалақыны арттырып, әлеуметтік қолдауды күшейту, кәсіби жауапкершілікті қорғау арқылы медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеру жоспарланған. 2025 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 2,5 есеге артады және ауылдарды медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету 13 процентке өседі. Клиникалық зерттеулер 2 есеге артады", - деді Біртанов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметте дәрігерлердің бес жылдан кейінгі нақты жалақысы да көрсетілген. Оған сәйкес, 2025 жылда дәрігерлердің орташа жалақысы 550 000 теңгеге жетпек.
Айта кетейік, бүгін министрлер кабинеті 2020-2025 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының жобасын бірауыздан мақұлдады.