Вице-премьер Б.Сапарбаев Жаңаөзендегі бірнеше әлеуметтік нысанды аралады

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған Ұкіметтің жұмыс тобы Жаңаөзен қаласындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Алдымен, қаладағы өндірістік алаңның жұмысымен танысты. 30 гектар аумақты алатын технопарктің негізгі міндеті өнім өндіру саласындағы жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді бір жерге орналастыру. Осы уақытқа дейін алаңға ішкі және сыртқы инженерлік желілер тартылып, әкімшілік ғимараты мен ангар салынып, бөлінген қаражат толығымен игерілген. Қазіргі таңда, Жаңаөзен қаласы әкімдігі және "Атамекен кәсіпкерлер палатасы" арасында жұмыс тобы құрылып, "Бизнестің жол картасы - 2020" бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында өндірістік алаңнан кәсіпкерлерге жер учаскелерін Өңірлік үйлестіру комиссиясы арқылы бөлу жұмыстары талқылануда. Бүгінгі күнге дейін өндірістік алаңға орналасу бойынша 37 кәсіпкерден ұсыныс түскен. Оның ішінде жиһаз өндіретін цех, тігін шеберханасы, қағаз, полиэтилен пакетін өндіру және т.б. бар. Мұнан соң жұмыс тобы қаладағы медициналық орталықтың құрылысымен танысты. Осыған дейін «Қазмұнайгаз Инжиниринг» ЖШС қарасты «ҚазНИПИмунайгаз», «Өзенмұнайгаз» АҚ, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия отырысы өтіп, онда медициналық орталық құрылысын жандандыру мақсатында атқарылатын шаралар легі талқыланған болатын. Орталық құрылысын кезең-кезеңімен жүргізу шараларына нақты мерзім бекітіліп, медициналық орталық құрылысын 2020 жылы пайдалануға беру туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына да барды. Онда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жаңаөзен қаласындағы филиалының, ондағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймағының, қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысты. Осыған дейін Жаңаөзен қаласына ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовпен бірге жұмыс тобы келген болатын. Жұмыс тобы 2 апта бойы Жаңаөзен қаласындағы кәсіпкер мамандармен кездесті. Арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген мамандар жеке және заңды тұлғаларды ақпараттандырып, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып кәсіпкерлік саласындағы мәселелерді, оның шешу жолдарын қарастырып, кәсіпкерлерге қызмет көрсетті. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында 7 қазанда басталған «Кәсіп түбі-нәсіп» жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін жобаның жұмыс тобы 500-ге жуық адамға кеңес берді. Оның 15% қаржы қызметтері бойынша, 10%- маркетингтік, 10% құқықтық кеңес беру т.б.құрайды. Жаңаөзен қаласында жұмыссыздықты болдырмау мақсатында кәсіпорындармен бірлесіп 5 оқу курсы ашылды. Оларда нарыққа қажетті тігін, автоэлектрик, робототехник, газэлектр дәнекерлеуші, кран жүргізушісі мамандары оқытылатын болады. Жоба аясында "Бастау бизнес" бойынша 140 адам оқытылды. "Баста" алаңында табысты кәсіпкерлер 300-дей адамға кәсіп сырын үйретті. Микро қаржы ұйымының кеңесшілері 70 адамға кеңес беріп, нақты 4 адамның кәсіп ашуына несиеге құжат жинақтады. Мемлекеттік сатып алулар бойынша 50 кәсіпкерге арналған тренинг ұйымдастырылды. Үкімет мүшелері арнайы барған тағы бір нысан Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылында «Жақсы» спорт кешені. Аумағы 2000 шаршы метрді құрайтын кешен ауыл балаларының спортпен шұғылдануы мүмкіндік беріліп, әр түрлі спорт секциялары есігін айқара ашты. Спорт кешенінде қазіргі таңда бокс, еркін күрес, каратэ-до, дзюдо, шағын футбол және ауыр атлетика сияқты басқа да түрлері қамтылған. Жастарды жаттықтыруға 25 бапкер жұмысқа қабылданған.