Әдеп пен әдетті үйретеді

Асықаталық (Оңтүстік Қазақстан) ақын Ағман Сабырхановтың «Әдеп пен әдет» кітабы жарық көрді. Шығарған «Нұрлы әлем» баспасы. Әуенгер Жарылқасын Дәулет пен Раушан Өскенқызындай сауатты баспагерлерге алғысымыз шексіз. Мұсылман болғанымыз үшін Алла әмірінің не екендігін ұғынып, оны толық атқаруға міндетті болғанымыз секілді, арам еткен, шектеген нәрселерін де ұғынып, олардан сақтануға да міндеттіміз. Өйткені, өлгеннен кейін қайта тірілетін ақырет күнінде, әр екі жағдайдан да сұраққа тартыламыз. Сол себепті, мұсылман туысқандарымыз дінімізде арам етілген нәрселер мен үлкен күнәлардың маңызын һәм одан арылу жолын білгені ләзім. Қолдарыңыздағы кітапшаны назарларыңызға ұсынып отырған Ағманның ниеті де қателеріміз болса кешірілуін Алла Тағаладан тілеп, таза болуды, әдепті әдеттерді жасқа қарамай үйренуді үйретуімен құптарлық. Мұхаммед (с.а.у.) көрікті, жүзі жарқын, нұрлы болатын. Жоғарыдан түсіп келе жатқандай асықпай ақырын жүретін еді. Көбінесе жоғары қарап емес, басын төмен ұстап жүретін. Достарының артынан жүріп, жолдан кездескен адамға сәлемдесетін еді. Әрдайым ойланып жүретін. Қажетсіз сөйлемейтін еді. Әр сөзін «бисмиллә» деп бастап, сонымен аяқтайтын. Егер бір сөз айтса, түсінікті болу үшін үш рет қайталайтын. Сөздері нақты, анық, артық-кемі болмайтын. Сөздері қысқа болса да, мағынасы өте терең болатын. Сөйлегенде қатты сөз айтпайтын, адамдарды кемсітпейтін. Кішкентай нығметті де құрметтейтін, жамандамайтын еді. Тамақты жамандамайтын, мақтамайтын да еді. Ұнатса жейтін, ұнатпаса жемей қоятын. Дүние істері үшін ашуланбайтын. Егер шындық айтылмай қалса, қатты ашуланып, тіпті оны орындамағанша тыныштық таппайтын еді және өзі үшін ашуланбайтын, өш алмайтын. Адамдар арасындағы ең әдемісі әрі жомарттылығы соншалық, кедей болып қалудан қорықпайтын. Көп садақа беріп, көп жақсылық жасайтын еді. Сұраған адамға ешқашан жоқ демейтін. Егер бір істе екі жолдың біреуін таңдауға келсе, жеңілдеуін таңдайтын-ды...» Біздің ұлы бабаларымыз сондай әдепті болған. Осы ұлы бабаларымыздың өмірлері өзімізге пайдалы үлгі болуы үшін кейбір тарихи оқиғаларды ойласаңыз жеткілікті.Бұл үлгі алар Ағман кітабының жасқа лайықталған бөлімінің әрбірінде көптеген насихат даналықтар бар. Олар ешқашан ескірмейді. Қай кезде оқылса да, жаңа қырынан таныла береді. Оқыған сайын шырайы ашылып, қызығы арта түседі. Әдептілікті қалаған кісілерге осы кітап арқылы көптеген пайда алуын Алла тағаладан сұраймыз. Біз оқырмандарымызға Ағман кітабының өте пайдалы болуы үшін бұл құрани сөздерді әдейі айтып отырмыз. Жақсылық пен жамандық арасындағы әлемдік күрес кезінде туралыққа шақырушы Ағман ағамыздай кісілер жақсылыққа көмек беру үшін қандай да болмасын қиындыққа риза болады. Олар істі тәлім-тәрбие, насихат жолдарымен кітап сөзі арқылы алып барады. Бұлардың барлығы да адамзатқа пайдалы. Бірақ көптеген адамдар бұл жақсылық жолдарын дұрыс пайдаланбайды, тіпті көп жағдайларда біле тұра жаман жолдарға пайдаланады. Мысалы, мінез-құлқын, тәртібін, философиясын жақсы білетін кісілер бірінші болып құлықсыздыққа бастайды. Шариғат білімдерін, ғалымдардың әдіс-тәсілдерін көбірек білетін кісілердің өздері күнә жұмыстарға жиі ұрынады, мал-дүниеге қызықпаңдар дейді де, өздері дүние қуып кетеді. Осы себепті дәрі – ауруға, дәрігер – науқасқа айналады. Ал бұл нәрселерді емдеу жолы – жүректерді дүниеге құл болудан сақтап, әрдайым «Алла көріп тұр» деп сенсе, кім Алламен байланыста болса, күнә істерге бармайды. Кім Аллаға ғибадат етумен көңілі орнығып, ләззат тапса, дүние қызығы оны алаңдатпайды. Біз Алла тағаламен байланыста болып, оның көріп тұрушы екеніне толық сенгенде ғана әлемге нұр тарқата беретін осындай көлемі шағын, айтары көп кітапқа бас ұрып, оқитын боламыз. Оқып көріңіз, құрметті оқырман, өкінбейсіз. Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ