Мұғалім мәртебесі заңдастырылды
2019 ж. 07 желтоқсан
4511
4
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Бұл мәселе біздің қоғамда бірнеше жылдан бері талқыланып, өз шешімін таппай келгені белгілі.
«Заң жобасы педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін шешуге, педагогтарға жүктемені азайтуға, оларды көптеген тексерулерден, сондай-ақ оларға тән емес функциялардан қорғауға, жұмыс істеп жүрген педагогтар үшін ынталандыру шараларын белгілеуге, жастарды мамандыққа тартуға бағытталған», – деді депутат Әбдіманап Бектұрғанов. Осы орайда ол депутаттық корпус енгізген басты түзетулерге тоқталды. Оның айтуынша, 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтары үшін нормативтік оқу жүктемесін 18-ден 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма бекітілмек. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын дайындаған падагогқа үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде бір жолғы сыйақының төленуін көздейтін норма енгізіліп, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогқа 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы төлем белгіленеді. Сол сияқты ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленеді. Құжат Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.
qazaquni.kz