Адам капиталы - басты байлығымыз
2019 ж. 30 қараша
2464
0
Алматы қаласын дамытуға алдағы жылдары 2 миллиард доллар жұмсалады. Бұл туралы шетелдік инвесторлардың қатысуымен өткен форумда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жария етті.
Қаланың алдағы 30 жылға арналған жоспарымен бөліскен әкім бұдан былай қаланың тек орталығы ғана емес, шет аудандардағы тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалуға тиісті. Алматының инвестициялық тартымдылығын арттыруға арналған форумға алыс-жақын шет елден 700-ге тарта іскер топ өкілдері қатысты. Олардың арасында ірі компания өкілдері де бар. Барлығы да Алматыға инвестиция салуға ниетті. Сондықтан, қала әкімі қалтасы қалың азаматтарға қандай салаға қаржы құюға болатынын айтып, жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, шетелдік инвесторларға туризм саласы да тартымды. Былтыр Алматыға 1 миллионға жуық саяхатшы келген.Қазақстанға аяқ басқан шетелдіктердің 44 пайызы Алатауды бір көрмей кетпейді екен. Сондықтан, әкімдік осы саланы одан әрі дамыту үшін шаһарды үлкен кино алаңына айналдыру керек дейді. Қазірдің өзінде Алматыға кино, клип, деректі фильм мен жарнама түсіруге көптеген шетелдік студиялар келе бастаған. Оларға жағдай жасауға әкімдік жанынан арнайы ұйым құрылмақшы. Ол шетелдік және отандық кинокомпанияларға түсірілім жұмыстарын ұйымдастыруға көмектесіп, осы арқылы отандық кино саласын дамытады. Әдетте, қаланың дамуын тек биік ғимараттар, тегіс жол, бизнеске қолайлы жағдай деп түсінеміз. Алайда, Бақытжан Сағынтаев енді жас сазгерлер, әншілер, кино және театр әртістері мен ақын-жазушыларды да қолдауға күш салмақ. Тіпті, алдағы уақытта қаладағы барлық кітапханалар қайта жөндеуден өткізіліп, қосымша тағы бірнеше оқу залдары ашылатынын айтты. «Алматыда адам капиталын дамытамыз!», – дейді әкім.
qazaquni.kz