Депутат білім және ғылым министрлігіне шүйлікті
2019 ж. 22 қараша
4254
0
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы соңғы кезде басы даудан арыла алмай жүрген білім және ғылым министрлігіне шүйлікті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Білім және ғылым министрлігі – ықылым заманнан бері киелі орта, қасиетті орта. Алайда, өкінішке қарай, соңғы кезде министрлік білім және ғылым салаларының алдында тұрған үлкен міндеттерді шешудің орнына өзара қақтығыстардың объектісіне айналған сияқты", - деді сенатор вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа жолдаған депутаттық сауалында.
Сенатордың сауалына бір ай бұрын білім және ғылым министрлігі әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Анар Қайырбекованың Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика университетінің ректоры болып тағайындалуы себеп болды.
Қайырбекова министрлікте істеген кезде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағымданып, бірнеше вице-министрмен айтыс-тартысқа түскен еді. Депутаттың айтуынша, Қайырбекова департаментті басқарған жылдары оған қатысты 16 іс қаралған.
"Барлық шағым мен заңды бұзу процестері қазіргі уақытта аяқталды ма? Немесе шағымдар қазіргі күнге дейін сотта қаралып жатыр ма, әлде бұл адам толық ақталды ма? Жоғарыда баяндалған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерге қарамастан, мұндай тұлғаны университеттің басшылық лауазымына тағайындау қаншалықты заңды және қаншалықты әдеп нормаларына сәйкес келеді?", - дейді Бақтиярұлы.
Депутаттың ойынша, басшылық лауазымға мінсіз, кіршіксіз абыройы бар адамдар тағайындалуы тиіс. Бұдан бөлек, сенатор Оңтүстік Қазақстан университетінің ректорын тағайындау рәсімі Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес келетініне де күмән келтірді.
"Қазір "Атырау мұнай және газ университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы-ректоры Сафи Өтебаевты сайлау бойынша конкурстық рәсімдер жүзеге асырылып жатыр. Коммерциялық емес акционерлік қоғамдардың бірінші басшыларын тағайындау кезінде неге әртүрлі тәсілдер қолданылады? Бірдей сұрақтарды шешуде әртүрлі тәсіл қолдану, менің ойымша, сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін жағдай", - дейді ол.
Мұрат Бақтиярұлы әкімшілік шешімдер қабылдауда қоғам алдында ашықтық қағидаттарын нақты сақтау қажет деп санайды.
Еске салсақ, білім министрлігінің бұрынғы қызметкері Анар Қайырбекова экс-вице-министр Фатима Жақыпованы плагиат жасады деп айыптап, ғылыми атаққа лайықты емес деген еді. Ол антиплагиат бағдарламасы арқылы ғылыми еңбекті тексергенде, 40 проценті ғана Жақыпованың өз еңбегі екенін айтқан-ды.
Білім министрлігіндегі шудан кейін сенат депутаты Еділ Мамытбеков министр орынбасарының отставкаға кетуін талап етті.
13 қарашада Фатима Жақыпова өтініш жазып, білім және ғылым вице-министрі қызметінен босатылды.
Бұдан бөлек, Қайырбекова білім министрлігінің жауапты хатшысы мен тағы бір вице-министрінің үстінен шағымданған еді. Айтуынша, шенеуніктер қызмет көрсету туралы құжаттарға қол қою кезінде оған қысым көрсеткен.
Осы жылдың 21 қазанында Анар Қайырбекова Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика университетінің ректоры болып тағайындалды.