Гонконгтегі қақтығыс: Қазақстан азаматы ұсталды
2019 ж. 21 қараша
1860
0
Гонконг қаласында наразылар мен полиция арасындағы қақтығыс кезінде Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Гонконг қаласы полициясының қазақстандық дипломаттарға ұсынған ақпаратына сәйкес, 18 қараша күні наразылық танытушылармен қақтығыс барысында Қазақстан азаматы, Гонконг Баптист университетінің бірінші курс студенті Нүкпи Әбілқайыр ұсталған. Консул азаматымызға барды, оның денсаулық жай-күйі тұрақты, оң қолының шынтағында ұстау кезінде құлағат сәтте алған аздаған жарақаты бар. Ұсталу жағдайына ешқандай шағымы жоқ», - деп атап өтеді министрліктен.
Ведомство мәліметінше, бүгін оның ісіне қатысты алдын ала тыңдау өткен. Қазіргі уақытта Қазақстанның бас консулы бұл істі айрықша бақылауына алып отыр. Дипломаттарымыз да Қазақстан азаматының құқықтарының сақталуын қадалағап отырмақ.
«Дегенмен, дипломаттар қылмыстық істер жөніндегі адвокат іздеп жатыр. Атап өтерлігі, соңғы уақытта Гонконгта 4 мыңнан астам адам ұсталды және осыған байланысты адвокаттардың жетіспеушілігі байқалады,», - деді министрліктен.
Бұған дейін Қазақстанның Гонконгтегі Бас консулдығы Гонконгтегі (ҚХР) жағдайдың шиеленісуіне және жаппай наразылық акцияларының жалғасуына байланысты еліміздің азаматтарына қалада қалыптасқан төтенше жағдайды ескеруді өтінген болатын. Бұған қоса ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров сол жақтағы қазақстандық студенттерді елге оралуға шақырған еді.
Жалпы осы уақытқа дейін Гонконгтағы ереуіл кезінде ҚР Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның екі азаматы жүгінгені белгілі.