Аманжолдай азаматты ардақтай білейік!

d182d0b0d0bbd0b3d0b0d182-d0bad0b0d182d0b0d183d0bed0b2-d0b7d0b8d0bdd183d0bbd0b8d0bd-d184d0bed182d0bed181d18b-21

Ерім дейтін елі болмаса, елім деген ер болмас.

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

 

Ақжайық өңірінде 1991 жылы қыркүйек айында шовинистік пиғылдағы сепараттық әрекеттерге қарсы болған ұлттық қозғалыстың себеп-салдарын, мән-жайын, мақсат-міндетін және тарихи оқиғаны ұйымдастыруға ұйытқы болған азаматтарды қазіргі ұрпақтың басым көпшілігі біле бермейді. Өйткені, ұлт үшін маңызды оқиға туралы естеліктер мен мақалалар және кітаптар жазылғанымен, әлі күнге дейін саяси-тарихи бағасын ала алмай және бастамашыл болған азаттықтардың есімі халық арасында дәріптелмей отыр. Тағлымы терең оқиғаға байланысты жазылған «Азаттық» кітабының авторы, қарт журналисіміз О.Жәкібаев қыркүйек көтерілісінің көшбасшысы болған А.Зинуллинді XX ғасырдың Әбілқайыр ханына теңесе, белгілі саясаткер Н.Сейсенбай «Азат» азаттық жолында» атты кітабында Аманжол туралы:

«Әр кезде де саясатта өз орны бар ұлт зиялыларының көтерер жүгі де ауыр, бұқара алдындағы жауапкершілігі де мол болған.

 

              Аманжол Зинуллин облыстық «Азат» қозғалысының негізін қалаушы  жетекшілердің бірі ретінде, халық арасында үлкен абырой-беделге ие болды. Аманжол бар күш-жігерін, ақыл-парасатын туған еліне, ұлтына бағыштаған, өзі басқарған барлық жұмыста үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, ұшқыр ойлы, шымыр мінезді, турашыл, «ел қамын жеген Едігелігімен» көріне білді. Өндірісті ғылыммен ұштастыра жүріп, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атаққа ие болды. Ұлы өзгерістер кезінде бұғып қалған, ел басқарған біліктіден не пайда? Ол өйтпеді. Жоғары оқу орнының доценті, кафедра меңгерушісі деген биік мансабын тастап, тәуелсіздік жолында «Азат» қозғалысын басқаруға кетіп, ел тәуелсіздігіне, халық мүддесіне жұмыс жасады...» деп тұлға бейнесін ашып берген. Өз басым Аманжол ағаның ел алдындағы ерен еңбегі мен адами жақсы қасиеттерін естігенім болмаса, бетбе-бет жүздесіп көрмеп едім. Осыдан бір жыл бұрын ғана облыстық деңгейдегі үлкен жиында жұрт жағдайы және тіл туралы Зинуллиннің бурадай бұрқырап, жолдағыны таптап кете жаздап ешкімнен тайсалмай сөйлеген салиқалы сөзін тыңдап риза болдым. Енді міне, осындай «ұлтым» деген, қиын-қыстау кезде ел ортасынан табылып, осынау күрделі істің ең алғы шебінде болып, оған тікелей басшылық жасаған және көптеген ұйымдастыру шараларын шаршамай, өзгеше бір іскерлікпен, көрегенділікпен теңдессіз атқарған абзал азамат Аманжол Зинуллинді «запыран» басылымдар жан-жақты қыспаққа ала мүйіздеп, түймедейді түйедей етіп көрсетуге жанталасып отыр. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» демекші, соңғы уақытта кейбір журналистер жазғыш дегенге біреудің тапсырмасымен мысқылдата мінеуді, күйрете тепкілеуді әдетке айналып бара жатқандай. Қызбалыққа салына бір журналист облыс әкіміне: «Зинуллин мырза тендерге тағы да қатыса ма?» деп Әбекеңе тигізе, жөнсіз сұрақ қойған-ды. Олай дейтінім, біріншіден, Аманжол аға қазіргі өңіріміздің басшысына еліктің лағындай ілесіп келмегенін және оның облыстық мәслихат етіп сайлануына ықпалы болмағанын (әкім 2007 жылғы18 тамыздағы сайлаудан кейін ғана келді), осы уақытқа дейін де жеке кәсібі болғанын ел-жұрттың бәрі біледі. Екіншіден, Әбекең басқа біреулер секілді тума-танысы арқылы елге елеулі болып, жылы креслоға көлденең күмп етіп отыра салып, қазіргі деңгейге дейін көтерілген жоқ. Өз ішімізде өсіп, көз алдымызда қалыптасып, қарым-қабілеті мен адами қасиеті және іскерлігімен танылған рухани тұлға емес пе? Зинулин ауылдық жерде жай зоотехниктен бастап өзіне жүктелген міндеттерді абыройлы атқара жүріп, әр түрлі жоғары деңгейдегі қызметтен сатылап өте, халық қалаулысы атанып беделді қайраткер дәрежесіне жетті. Сонымен қоса, ұлт мүддесін көтерген «Еділ-Жайық» газетін ашып, рухани құндылықтарымыз Бен тарихымызды кеңінен насихаттай білді. Қыркүйек оқиғасының басты кейіпкері болса да «мен» деп даңдайсына төс қағып, өзін мақтап естелік жазбады және депутаттық лауазымын асыра пайдаланып өзін негізсіз жазғырып жүрген адамдарға қарсы пікірін білдіріп, дәлелін келтіре отырып сотқа да жүгінбеді. Ол өзінің көпті көрген кеңшілдігін көрсете, серілігін сезіне отырып және адамгершілігін алға тартып өзара қырылысып, өзге ұлт өкілдеріне күлкі болып жатамыз ба дегені болса керек.

                  Кез келген шаруаны табанда шешіп тастайтындай құдірет-күшің  болмаса да, өзіңді керек адамға бағалағаны қандай жақсы! «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, толымды пікір мен жылы лебіз адамды асқаралы мұраттарға жетелейді, жігерлендіреді. Ондай қанатты сөзден қуат, ерік-жігер алған адам өзінің қоғамға өте қажеттігін сезініп, жазатайым тайып жығылған тұста да үсті-басын қаққыштап орнынан тұрып кетуге тырысады. Атам-заманнан бері белгілі қағида, ол адамды көтермелей білу, сыйлау, құрмет сезімін ояту және жақсылық нәрсеге жаны қалмай бірге қуану. Абай ақын: «Бірің қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос!» демеп пе еді. Мұның астарында «итіс-тартыс тірлікпен, біріңді-бірің мүжіп, түртпектеп жүріп, өзгеге жем болып өтпекшісің ғой, қазағым!» деген ой жатқан жоқ па!

               Кім болса да, мейлі, ол үлкен, не кіші болсын, ел азаматтарының жақсы қасиеттерін сөз ету қандай ғанибет! Соны көру, тани білу, жақсылығын мойындау және адами қасиетін дөп баса айта білу үшін үлкен жүрек, жоғары мәдениет және ыстық ықылас қажет. Неліктен осындай жағдайға келгенде мойынымыз бұрылмайды, яғни ұлтым, елім дейтін азаматтарды ардақтап, алақанға салуға шорқақпыз. Ұлы қайраткерді шығару халық қолында. Оны ешкім бізге дайындап бермейді.

                Аумалы-төкпелі жылдары еліміздің тұтастығына қауіп төнген сын сағатта жерін қызғыштай қорғай отырып, егемендігіміз үшін барлық күш-жігерін сала, ел-жұртты ұйымдастыра білген қоғам қайраткері А.Зинуллиннің жақсылығын неге көргіміз келмейді?.. Осындайда мына жағдай еріксіз еске түседі. Өткен жылы адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымның бұрынғы директоры, еврей ұлтының өкілі Е.Жовтис көлігімен абайсызда адам қағып өлтірді. Дей тұрғанмен, жерлестері біз секілді алақайлай қуанып қылмыскер деп айып тағып жатқан жоқ. Керісінше, еврейлердің бастамасымен жергілікті кейбір қоғамдық ұйымдар (басшылары қазақ болса да) оны ақтағысы келіп, қызғыштай қорғап, бостандық берілуін талап етуде. Енді салыстырып қарайық, аяқасты қатерге ұрынып, сот жүзінде жазасын алған Жовтисті қорғайтындай ол қазақ тарихында қандай қолтаңба қалдырды? Оның тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына және ұлтымыздың рухани өрлеуіне Зинуллиндей еш еңбегі сіңген жоқ. Әйтсе де қандастары және орыс тілді басылымдар мен олардың шашбауын көтерген бауырларымыз, оны ботадай боздап жоқтауда. Өзіміздің тегеурінді тұлпарлар сәл сүрінген сәтте жұмыла жамандап, ал жазасын өтеп жүрген жұрттың жабағысын жабыла қорғап не істейміз, не пайда табамыз, ағайындар?!. Біз ұлт перзенттерінің жақсылығын жасырып, керісінше, тырнақ астынан кір іздей оларға ор қазғанда не ұттық, болашақта не ұтамыз?!. Сол бір сұрапыл кезеңде Алаш ардақтылары мен зиялыларын өзіміз «халық жауы'BB жасап, өз қолымызбен түрмеге тоғытып, жер аудартып, қалғандарын аттырдық емес пе?.. Ақын Ғ.Қайырбековтің бір өлеңінде «өзгелердің хандарының бәрі жақсы да, ал біздің хандарымыздың бәрі жаман болған ба?..» деген сынды ой айтылған. Ғафу ағамыз жырлағандай, бізде алпыстың асуына шыққан, асыл азаматымыз Аманжолды жамандай бермей, ардақтай білейік ағайын!.. Аманжол аға кезінде елі үшін басын ажалға тігіп, сермеген қылышқа қарсы қарусыз шығып, өзінің терең ой-идеясы мен қайтпас ерік-жігерінің арқасында қауіптің бұлтын сейілтіп, оларға ақыл-парасаты мен отты сөзін оқ етіп атып, тойтарыс бермеп пе еді? Қыркүйек оқиғасы еш қайғы-қазасыз, халықтың жеңісімен берекелі аяқталуында Әбекең басты роль атқарғанын, яғни идеяның «генераторы» болғанын көтерілістің бел ортасында болғандар жиі айтады. Мұрағаттағы сарғайған қағаздарды ақтара отырып, Орал оқиғасы тұсындағы татулықты сақтау, қан төгісті болдырмау жөнінде келіссөздер жүргізу құжатында және халықтың ой-мақсатын жергілікті басшылықтан бастап, ел президентіне жолдаған хаттар мен ұсыныс-қарарларда Зинуллиннің есімі мен қолы тайға таңба басқандай бірінші тұрғанына көзім түсті. Осының өзі Аманжол Зиноллаұлының қалың бұқара алдындағы жауапкершілікті толық өз мойнына алғанына анық дәлел. Құдай одан аулақ қылсын, егер қауіпсіздігіме қатер төнсе, оны сынай жазғыш журналистер мен тапсырма берушілер және қолынан іс келмес күншілдер, Әбекең секілді жұртты ұлы іске жұдырықтай жұмылдыра алмас және Зинуллиннің қырық жасында қамал бұза шыққан биігіне шыға алмас еді.

             Неге біз бар, тірі кемеңгерімізді қадірлемей аяғын былғап, жолын кесіп, көлегейлеп, көрсетпеуге тырысып және олардың етек-жеңінен тартып, тек өлгеннен кейін ғана, «жақсы, керемет адам еді» деп еске алып жатамыз?! «Тірісінде құрметтемей, қарасында жылағанның көзінен қара қан ақсын» деген қазақтың қарғыс сөзі асылын құрметтей білмейтін осындай көрсоқырларға қарсы айтылса керек.

             Ендеше, «бағалай білмегенге бақ қонбайды» демекші, бірегей болмысы арқылы танылып, айтулы тұлға бола білген, рухы асқақ Аманжол Зинуллинді кейінгі ұрпаққа таныту, өзінің көзі тірісінде оны бағалай білу азаматтық парызымыз емес пе?..

 

Талғат ҚАТАУОВ

Орал қаласы

Тел : 8 777 191 16 25

E-mail: talgat-katau @mail.ru