ҰҚК: Қазақстанда деструктивті ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асады
2019 ж. 06 қараша
2829
0
ҚР ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкиннің айтуынша, Қазақстанда деструктивті ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әртүрлі алаңда әлемдегі террористік белсенділіктің өсіп бара жатқаны аталып өткен болатын. Жер жаһанның түкпір-түкпіріндегі лаңкестіктің тыйылмай, үдеуі соған дәлел бола алады. Мәліметтерге сүйенсек, ХХІ ғасырдың басынан бері әлемде 72 мыңнан астам теракт болып, одан 170 мыңдай адам көз жұмған. Көп жағдайда олар радикалды, діни идеологияның ықпалымен жасалады. Интернеттегі үлкен насихаттың салдарынан біздің жеке азаматтар шетелдегі әртүрлі террористік ұйымдарға қосылып кетеді. Радикалды насихаттың қақпанына көзқарасы қалыптаспаған, діни білімі жоқ, жастық максимализмі басым жастар түсіп қалады. Біздің азаматтардың «Әл-Каида» құрамына кіру үшін Ауғанстанға бірінші рет шығып кету жағдайы 2008 жылы тіркелген еді. 2013 жылы Қазақстаннан шыққандардың көбі Сирия мен Ирака аттанды. Осы кезеңге дейін шетелге 800-ге тарта Қазақстан азаматы өтіп кеткен», - деді ҰКҚ өкілі елордада өтіп жатқан Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумында.
Сергей Швейкиннің айтуынша, шетелге шығып кеткен қазақстандықтардың көбі көз жұмған. Қалғаны ұсталып, елге жеткізілген.
«Біздің азаматтар негізгі халықаралық террористік ұйымдардың – ДАИШ пен Әл-Каида, Хайят Тахрир аш-Шам құрамында да жүр. Қарулы жиһадқа шығып кеткен Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі деструктивті идеологиялық ағымда болған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, террористер мен экстремистер дәл сол деструктивті ағымды ұстанатындардың қатарынан шығады. Қазіргі таңда біздің есебіміз бойынша, Қазақстанда деструктивті идеологияны ұстанатындардың саны 20 мыңнан сәл асады. Олардың көбі Атырау мен Түркістан облысында, Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында. Осыған ба йланысты біздің басты міндет – діни ахуалды оңалту», - деді ол.