АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ ДАМЫТУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
2019 ж. 07 қазан
2356
0
Елордада ҚР Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы таныстырылды. Құжаты туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова баяндады.
Тұжырымдама азаматтық қоғамды қолдау және нығайту, өзекті әлеуметтік міндеттерді шешу, көппартиялылықты дамыту, саяси бәсекелестікті және елдегі пікір алуандығын алға жылжыту шараларын көздейді. «Тұжырымдама жобасын төрт басымдық бойынша іске асыру болжануда. Бірінші басымдық – азаматтық қоғам саласындағы заңнаманы жетілдіру, үкіметтік емес қызметті құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған 3 міндет пен 9 бастаманы іске асыруды қамтиды. Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау тетіктерін дамыту, волонтерлік және қайырымдылық қызметті, қоғамдық кеңестер қызметін жетілдіру, саяси партияларға қатысты заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, БАҚ және медиация институтын жетілдіру тақырыптары көтерілген», – деді Ә. Ғалымова. Бірінші басымдық бойынша, азаматтық қоғам саласындағы 11 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған. Атап айтқанда, коммерциялық емес ұйымдар, әлеуметтік жобаларды мемлекеттік қаржыландыру тақырыптарын қамтиды. Екінші басымдық – мемлекеттік міндеттерді шешуде ҮЕҰ рөлін күшейту, волонтерлік пен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған 3 міндет пен 9 бастама іске асырылады. Бұл үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын қызметтердің сапасын арттыруға, азаматтардың қатысуымен өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Үшінші басымдық, халықтың өзекті проблемаларын шешуде мемлекеттің азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын мемлекет қағидаттарына сәйкес, азаматтардың шешімдері мен мемлекеттік құжаттарды әзірлеуге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Төртінші басымдық – қоғамдық-саяси жаңғыртуда заңнаманы либерализациялау, көппартиялылықты, саяси плюрализмді дамыту жөнінде шаралар қабылданады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы жыл соңына дейін қабылданады.
qazaquni.kz