«Абай" және "Әл-Фараби" мемлекеттік сыйлықтары тағайындалады
2019 ж. 04 қараша
2529
0
2020 жылы алғаш рет «Абай» және «Әл-Фараби» мемлекеттік сыйлықтары табыс етіледі. Бұл туралы Абайдың 175 және
Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік біріккен комиссия отырысында белгілі болды.
Комиссия отырысында жазушы Роллан Сейсенбаев «Абай» және «Әл-Фараби» мемлекеттік сыйлықтарын тағайындауды ұсынған еді. «Абай жылы болғандықтан «Абай» сыйлығын беру керек. Ол үлкен, мықты сыйлық болсын. Ғалымдарға «Әл-Фараби» сыйлығын беру қажет. Бұл Абай мен Әл-Фарабиға түкте қажет емес. Ол бізге керек», – деді жазушы. Осы орайда, отырысқа төрағалық етіп отырған ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының тарапынан бұл бағытта арнайы тапсырманың болғанын айтты. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бізге келесі жылы міндетті түрде «Абай» атындағы және «Әл-Фараби» атындағы мемлекеттік сыйлықтар тапсыру туралы тапсырма берді. Сіздің ойлаған ойыңызды Президент бізге нақты тапсырма ретінде берген. Сондықтан, бұл мәселе өзі шешімін тауып отыр», – деді Қ.Көшербаев.
qazaquni.kz