ҚАРЖЫ ЖЫМҚЫРУ ЖАЛҒАСУДА
2019 ж. 04 қараша
3230
0
Бас прокуратура алқасының кезекті отырысында мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы жымқырылған қылмыстық істерді тергеу, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Құзырлы орын өкілдері араны ашылған шенеуніктер мен кәсіпкерлер қаржы жымқыруын әлі де тоқтатпағанын ашық айтты. Бас прокурор құқық қорғау органдарының басшыларын халықтың ақшасын жымқырудың алдын алу үшін қатаң шара қолдануға шақырды. 2017 жылдан бері құқық қорғау органдары тергеген 6 мыңға жуық қылмыстық істің фигуранттары 66 млрд. теңгені қолды қылған. Сол қылмыстық істердің қазірге дейін 2 685-і сотқа жіберілген. Отырыста тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағы да сөз болды. Прокурорлардың айтуынша, Үкімет Денсаулық сақтау министрлігінде жүргізілген тексеріс кезінде анықталған құқық бұзушылықтар бойынша ұсынысты қараған. Прокуратураның актілері бойынша 48 лауазымды тұлға жауапқа тартылып, үшеуі қызметінен кеткен. Алқа отырысына шақырылған денсаулық министрі Елжан Біртанов ахуалды жақсарту үшін қолданылатын шаралардың жол картасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Отырыста министрлікке шетелдердің денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру тәжірибесін үйрену ұсынылып, дәрі-дәрмек бағасын белгілеуді ашық ету, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігі айтылды.
qazaquni.kz