Жемқорлық бойынша көзге түскен жоғары оқу орындарының рейтингі жасалды
2019 ж. 01 қараша
3220
0
Jas Otan сыбайлас жемқорлық бойынша көзге түскен жоғары оқу орындарының рейтингісін жасады. Бұл туралы Нұр Отан партиясы орталық аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.
Jas Otan белсенділері Қазақстанның барлық аймақтарындағы 15 мыңға жуық студент арасында анонимді сауалнама жүргізді. Студенттердің 12,8% жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық бар деп көрсеткен. Демек, сауалнамаға қатысқан әрбір 8 студент білім ордаларында сыбайлас жемқорлықтың бар екендігін растайды және әрбір 12 студенттің пара бергені айқындалды. Сондай-ақ университеттерде емтихан тапсырып, диссертация қорғағаннан кейін дастархан жаю және сыйлықтар беру т.б. "дәстүрге" айналған.
Сауалнама негізінде студенттер жемқорлық фактілері орын алады деп көрсеткен бес ЖОО рейтингі жасалды:
- Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті;
- Атырау мұнай газ университеті;
- Қарағанды мемлекеттік медициналық университет;
- М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті;
- Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.
Сауалнаманың нәтижесінде, студенттер оқу орындарындағы жемқорлықты тудыратын себептер ретінде мыналарды атады: профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысының төмендігі, студенттерде өз бетінше білім алуға деген қызығушылықтың болмауы, мұғалімдердің де, студенттердің де жүктемесінің көптігі, жатақханаларда орындардың болмауы, - деді Дәулет Кәрібек.
Қоғамдық кеңес мүшелері жоғары білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру студенттер мен оқытушылардың белсенді қатысуынсыз жүзеге аспайтынын атап өтті. Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың табысты жүргізілуіне мемлекет қана емес, әрбір азамат, қоғам, сонымен қатар жастар да жауапты. Шынында да, көптеген салада, соның ішінде білім беру мен еңбек нарығының бағыттарын белгілейтін осы жас буын.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес төрағасы Омархан Өксікбаев Білім және ғылым министрлігіне, жоғары оқу орындарының ректорларына университеттердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдап, жан-жақты әлеуметтік зерттеулер жасап, сол зерттеулер негізінде сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша жоғары оқу орындарының қоғамдық рейтингін енгізу қажет екенін айтты.
Партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоюдың маңыздылығына ерекше назар аударды. Жоғары білім беру жүйесінің жемқорлыққа неғұрлым бейім екені бәріңізге белгілі. Сондықтан, жастардың бойына адалдық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеу қағидаттарын сіңіре отырып, халық арасында алдын алу жұмыстар жүргізуге баса назар аудару қажет, - деп атап өтті Омархан Өксікбаев.