Теріске шығару

"Қазақ үні" ақпарат агенттігі 2019-жылдың 7-қазанында "Ислам Әбішевтің адвокаты атышулы іске тапсырыс берушілердің атын атады (видео)" атты журналист Сәуле Әбілдаханқызының сұхбатын жариялаған болатын. Аталмыш сұхбатта Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспан бұл іске тапсырыс берушілер деп бірқатар лауазымды тұлғаның атын атады. Олардың қатарында кәсіпкер Арман Шораевтың да есімі аталған болатын.

"Қазақ үні" ақпарат агенттігі аталмыш мақаланы теріске шығарып, ондағы деректердің сенімсіз екенін хабарлайды. Мақалада айтылған жайттар адвокат Абзал Құспанның жеке көзқарасы болып табылады. "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің редакциясы БАҚ туралы заңғы сәйкес, қарсы тараптың да талабын ескеруді әділетті деп санап, бұл мақаланы сайттан өшіруді дұрыс деп шешті.

Дегенмен, БАҚ туралы Заңның 26-бабында "Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауаптылықтан босатылатын жағдайлар" туралы айтылғанын еске саламыз. Оның 4-тармағында былай делінген:

"Бұқаралық ақпарат құралы, сол сияқты оның бас редакторы (редакторы), журналисі бұқаралық ақпарат құралында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін, егер олар:

4) таратылуына заңды күшіне енген сот актілерінде немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектеу қойылған ақпаратты таратуды қоспағанда, өкілді органдар депутаттарының, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды немесе уәкілетті тұлғаларының, жеке және заңды тұлғалардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса - ЖАУАПТЫ БОЛМАЙДЫ".