Рухани астана рухани келісім күнін атап өтті
2019 ж. 19 қазан
1851
0
Киелі Түркістанның төріндегі «Парасат» саябағында Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өңір халқы Рухани келісім күнін салтанатты түрде атап өтті.
Осынау мерейлі күннің құрметіне орай, 6 қанатты киіз үй тігіліп, оған облыстағы 6 діни конфессия басшылары жиналды.
Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жүргізген келелі кездесу барысында ел бірлігі мен дінаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.
«Елбасымыз Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстан халқы бейбітшілік пен достықты нығайта отырып қаншама ұлт пен ұлыстың тату-тәтті өмір сүріп жатқан құтты шаңырағына айналды. Бұл тұрғыдағы жұмысты жандандыра отырып, Түркістан қаласы ел руханиятының дамуына елеулі үлес қоса бермек», – деді С.Қалқаманов.
Іс-шара аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы А.Мұсабек, «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі В.Смольянов және басқа да дін өкілдері сөз сөйлеп, ел ішіндегі бірлік пен татулықты күшейте түсудің қажеттігін тілге тиек етті.
Киіз үйде қазақтың ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрі насихатталды. Сонымен қатар, өңірдегі этнос өкілдерінің де дәмді тағамдары жұртшылыққа ұсынылды. Шара соңында діни конфессия жетекшілеріне алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.
qazaquni.kz