"Қазақтарға сағатына 568 теңге, шетелдіктерге 6500 теңге" - Министр ащы шындықты айтты
2019 ж. 14 қазан
67209
4
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Атырау облысындағы мұнай және газ өңдеу зауытына сапары кезінде қазақстандықтар мен шетелдік мамандардың жалақыларындағы айырмашылық туралы айтты.
Зауыт ұжымымен кездесуде Нұрымбетов өзі басқаратын ведомство бас прокуратурамен бірлесіп, 50-ден астам шетелдік жұмыс күшін тартқан елдегі кәсіпорындарға тексеріс жүргізгенін атап өтті, деп хабарлады ATPress.kz.
"Осы жылдың 8 қазанында 49 кәсіпорында тексеріс аяқталды, 791 еңбек және көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде жалақы және сыйақы төлемдеріндегі сәйкессіздік те бар – 24 кәсіпорында 476 дерек. Мысалы, Атырау облысында "Нефтестройсервис ЛТД" ЖШС жергілікті инженерге бір сағаттық тарифтік мөлшерлемені 568 теңге, ал осыған ұқсас қызметтегі шетелдік жұмысшы үшін 6500 теңге етіп белгілеген. Мұндай тәжірибеге жол берілмейді", - деп мәлімдеді министр.
Оның айтуынша, жұмыс берушілер Қазақстан азаматтары мен шетелдік жұмысшыларға бірдей еңбек жағдайын жасап, бірдей жалақы төлеуі керек.
Қазақстанда белгіленген квоталарға сәйкес, 2425 компания шетелдік жұмысшыны тартып жатыр, оларда сондай-ақ 531 мың қазақстандық еңбек етеді.
Жыл басынан бері Атырау облысында 364 жұмыс беруші тоғыз мыңнан астам шетелдік азаматты жұмысқа шақырған. Оның ішінде 63 адам – басшылар және олардың орынбасарлары.
Тәржімалаған: sputniknews.kz