Қуандық Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шықты
2019 ж. 11 қазан
2110
0
Бүгін Шымкент қаласының түрмесінде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. Бұрынғы ұлттық экономика министрін мерзімінен бұрын босату туралы қаулыны Абай аудандық сотының судьясы Марат Шәріпов шығарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қуандық Бишімбаев Қылмыстық процессуалдық кодекстің 72-бабы бойынша жазасын өтеп жатқан.
«2019 жылы 13 ақпанда сотталушы Қуандық Бишімбаев Президент жарлығымен рақымшылыққа ілініп, жазасын өтеу мерзімі 10 жылдан 4 жылға қысқартылған. Бүгінде жазасының үштен екі бөлігін өтеп қойған. 167/3 түзеу мекемесінің басшылығы оған жақсы мінездеме берген. Осы жайттарды ескерген судья Қылмыстық процессуалдық кодекстің 476, 480 және 483 баптарын негізге ала отырып, сотталған Бишімбаевты 1 жыл 3 ай 13 күн бұрын босату туралы қаулы қабылдаған» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, бұл қаулы 25 қыркүйек күні қабылданып, кеше 10 қазан күні күшіне енген. Осы қаулыға орай бүгін Қуандық Бишімбаев түрмеден босап, бостандыққа шықты. Бұған дейін сотталған министрдің қорғаушысы оның жазасын өтеу тәртібін өзгертуді сұраған болатын.
Еске сала кетсек, өткен жылдың наурыз айында бұрынғы ұлттық экономика министрі мен осы іске қатысты өзге де айыпталушыларға үкім шыққан еді. Сот үкімімен Қуандық Бишімбаевтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. Сонымен бірге, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Биылғы 4 қаңтар күні Қуандық Бишімбаев Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне ауыстырылған болатын.