Жоғарғы Сотта процестік қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселелері талқыланды

«Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбы бойынша Жоғарғы Сотта бейнебайланыс арқылы республикалық деңгейде кеңес өтті, - деп хабарлайды Жоғары Соттың баспасөз қызметі.

Күн тәртібіне сәйкес жиында істерді қарау кезіндегі тіл қағидатын қолдану, мемлекеттік тілдегі сот актілерінің стандартын қалыптастыру және судьяның сот шешімдерін сапалы түсіндіру мәселелері қаралды.

Кеңесті ашқан Жоғарғы Сот төрағасы  Жақып Асанов: «Республика халқының 70% – қазақ тілді азаматтар. Бұл көрсеткіш қарқындап өсуде. Демек, мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет.Ол үшін не керек? Екі нәрсе. Біріншіден, сөйлей білуіміз. Екіншіден, жаза білуіміз керек. Сот жүйесіне қойылған ең бірінші міндет – сотқа деген сенім. Ал, сенім қай кезде болады? Егер әр шешім мен үкім заңды және негізді болса. Онымен танысқаннан кейін судьяның неге сондай шешімге келгенін логикалық тұрғыдан әрбір адам жақсы түсінсе, бұл сотқа деген оң көзқарасты қалыптастырар  еді. Тараптар әр уәжіне нақты және толық жауап алса, судья өз шешімін  түсінікті әрі қарапайым тілмен  жеткізе білсе, сонда ғана азаматтар сот шешімімен  келісіп, жоғарыға  шағым түспейтін болады», - деді.

Ағымдағы жылғы мамырда сәуір айымен салыстырғанда істер мен материалдардың жалпы саны 3,5 есеге, 551-ден 156 мыңға дейін азайды. Осылай дей келе, Ж.Асанов судьяларды бос уақытта қазақ тіліне көңіл бөліп, шешендік өнерді меңгеруге шақырды.

Жоғарғы Сот өткен жылдан бастап сот шешімі мен үкіміне қойылатын талаптарды күшейтті.  Нормативтік қаулылар қабылданды.  Осы ретте мемлекеттік тілдегі сот актілерінің сапасын арттыру басты мәселенің бірі болып отыр.

«Сот шешімдеріне қарап, жұрт соттың жұмысына баға береді. Қате жазылған бір түйір шешім қасықтап жинаған абыройымызды шелектеп төгеді. Осы мәселені басқа біреулер бетімізге баспай тұрып, ең алдымен, өзіміз айтайық дедік. Бірақ, қызметте өсем деген судьялардың шешімдерін ертең Сот сапасы жөніндегі комиссия мұқият қарайтын болады. Егер іс бойынша заңсыз шешім қабылдаса, ондай судьяға сөзсіз жол жоқ. Ал, мемлекеттік тілді жетік білмесе, ол да үлкен кедергі болмақ», - деді Жоғарғы Сот төрағасы.  Осы орайда ол бүгіннен бастап сот актілеріне тұрақты мониторинг жүргізіле бастайтынын атап өтті.

Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі жалпы жағдайы және атқарылуға тиісті шаралар туралы Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина баяндады. Ол: «Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазақ тіліндегі істердің саны көңіл қуантатын деңгейде емес. Әрине, оған географиялық аумақтың ерекшелігі, істердің тергеу барысында қай тілде жүргізілетіні және қорғаушылардың қай тілге бейім екені  әсер ететіні сөзсіз. Бірақ халықтың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын жеткізе алмай, қиналып жатқаны туралы фактілер аз емес. Бұл өте өзекті мәселе. Осы бағытта жұмыс жүргізу қажет» - деп атап өтті.

Кеңес барысында Жоғарғы Соттың судьясы Бағлан Мақұлбеков пен Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров істерді қарау кезіндегі тіл қағидатын қолдану мәселесін қозғады.

Бағлан Мақұлбеков: «Қазіргі кезеңде процестік тіл қағидатының орындалуы сот жүйесіндегі өзекті мәселеге айналуда. Осыған байланысты іс жүргізуді жүзеге асыратын органдар аталған қағидаттың іске асырылуын реттейтін құқық нормаларын қатаң сақтауды,  процестік құжаттарды дайындаған кезде олардың мазмұны мен сот ісін жүргізу тілінің лингвистикалық (тілдік) қағидаларына қойылатын талаптарға назар аударуды, сот ісі жүргізілетін тілді меңгермейтін іске қатысушы тұлғаларды сапалы аудармамен қамтамасыз етуді жүзеге асыру қажет» - дей келе,  негізгі мәселелерге тоқталды.

Досжан Әміров: «Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Бұрын (2009 ж. дейін) тілді анықтайтын. Сонымен, кез келген қылмыстық іс әу бастан тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қылмыстық іс бойынша күдікті тұлға анықталмай, қажеттілік туындамай тұра, өндірісті орыс тілінде жүргізіп, жоғарыда көрсетілген заң нормаларын бұзуда» - деді.

Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек  Мерғалиев пен  Алматы қалалық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мәриям  Қарабаева мемлекеттік тілдегі сот актілерінің стандартын қалыптастыру туралы  пікірлерін ортаға салды.

Түркістан, Маңғыстау облыстарының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағалары Түгел Бекімбетов пен Нұрсапа Примашев судьяның сот шешімдерін сапалы түсіндіруіне қатысты ойларын ортаға салып, негізгі мәселелерді атап өтті. Осы ретте жергілікті судьяларға аталған мәселе бойынша әдістемелік құралдардың, онлайн-сөздіктердің қажеттігі айтылды.

Кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар әзірленіп, хаттама толтырылды.