Баянауыл ұлттық паркіндегі өрт сөндірілді
2019 ж. 23 қыркүйек
3021
0
Баянауыл ұлттық паркіндегі алапат өрт ауыздықталды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалынды сөндіруге 90-нан астам адам жұмылдырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқиға орнына қонған МИ-8 тікұшағы таңертең өрт сөндіру жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, Баянауылға тағы бір МИ-26 тікұшағы барады», - дейді Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, дереккөз ұлттық паркте он бір арнайы техника: 6 өрт сөндіру машинасы, 3 самосвал және соқасы бар екі МТЗ тракторы жұмыс істеп жатқанын айтты. Өрт сөндіруге 90-нан астам адам жұмылдырылған.
«22 қыркүйек күні кешке Өскеменнен «Авиациямен орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету қазақ базасы» республикалық кәсіпорнының МИ-8 тікұшағы ұшып келді. Ол таңғы сағат 7:00-де өрт сөндіру жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, таңертең ауданға тағы бір Ми-26 ұшағы келеді», - деді Баянауыл аудандық әкімдігінен.
Павлодар облысы әкімі Болат Бақауов кеше күндіз өрт сөндіретін штаб құрып, орын алған оқиға туралы еліміздің вице- премьері Роман Склярға хабарлады.
«Аудан басшысы 23:00-де оқиға орнына жетті. Павлодардан қосымша 4 өрт сөндіру техникасы жіберілді», - деді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгін таңертең апат болған үш ауылдық округте де өрт сөндірілді, тағы екі ауылдық округте өрт ауыздықталған. Сонымен қатар, Баянауыл ұлттық паркінің таулы жерлерінде де өрт сөндіру жалғасып жатыр.