ҰЛЫЛЫҚ ҰЯЛАҒАН ұяның ұлы

«Экспедицияға» шыққан екеу...

Жаныңа жақын жан, ізетті іні, адал дос жайлы жазу қиынның қиыны ма деп қалдым. Жүз жылда бір туатын талант, көмейінен жыр төгіліп, жүрегінен мейір сорғалаған, айтыс өнерінің ақтаңгері атанған Әселхан Қалыбекова екеуміз ел-жұртқа белгілі, ұлтжанды азамат Дархан Мыңбай жайлы жазбақ болып бекіндік. Әселхан әпкем бір апта «толғатты» да, Дарханның өзі сияқты дөп-дөңгелек, жұп-жұмыр, жарқыраған өлеңді өмірге әкеле салды. Мен қиналдым. – Бұрын талай жазғанмын, істеген ісін көрсетіп... Елуге толуына екі-ақ апта қалды. Бір жол да жаза алмай жүрмін, – дедім. Әселхан: – Дархан жәй ғана шенеунік емес. Өзге шенеуніктер сияқты шікірейіп, кісімсіп, өзі де ха­лыққа жақындамай, жақын­дағысы келгенді көкіректен итеретін мұп-мұздай мінез жоқ онда. Дархан айналайын күліп келе жатады ғой қарсы алдыңнан... Қарапайым ұлын халық та сүйеді. Жаза алмасаң, жүр, екеуміз «экспедицияға» шығайық. Дархан жүрген жолдармен жүрейік, – деді. Келістік. Алғашқы жол ауылға қарай бастады. Алдымен тегі қандай еді деген сұраққа жауап іздедік.

Қамзабек көкенің баласы

Түлкібастың «Дмитров» деген кеңшарында өткен ғасырда Мықтыбек деген ата өмір сүрген. Еңбекқор, дәулетті адам болған көрінеді. Келте Машат үстіндегі иір осы Мықтыбек атаның жайлауы болған деседі. Мықтыбек атаның жары Ұлпатай әже Тұрар Рысқұловтың қарындасы болған. Осы кісілерден Қамзабек көке туылған. Қамзабек көке көзі ашық, оқыған азамат болған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп, 1945 жылы оралған. Бейбіт өмірде түрлі қызмет атқарған. Колхоз басқарған. Сабырлы, көп сөйлемейтін, өз ісіне жауапты, уәдеге берік, иманды адам болған. Бүгінгі жұрт «Кеңес Одағы өйтті, бүйтті» деп, сол кезеңді даттап, өздерін ақтап жүр. Ал бұл ауылда, әулетте наурыз тойланбай, басқа да діни шаралар өткізілмей қалған емес. Қамзабек көке дініне берік болып қана қоймай, келешек ұрпақ дінсіз, имансыз болмасын деп, көненің көздері, ескіше жақсы білетіндерден қасиетті Құран аяттарын, сүрелерін жазып алып, артына сол бай мұраны және он бес бала қалдырған адам. Балалары Қамзабек көкенің жинап-тергенін «Қазанат» деген атпен тасқа бастырып шығарды. Заманының қиындығына қарамай исі мұсылманға, ұрпаққа ұлағатты тірлік жасап кеткен Қамзабек көкенің он бес балапанының бірі – Дархан.

Әжесі қаймақ ұсынып, анасы Әлди атаған...

Құдайдың берген он бес баласын тапқанымен, енесінің бауырына салған, бірде-бір баласының атын атамаған Үрзада апа жуырда ғана дүниеден өтті. Келген жеріне келісті келін болған Үрзада ана көкірегі ояу, салт-сананың білгірі еді. Кеше Үрзада ана дүниеден өткенде айтылған естеліктер ол кісінің бір әулеттің ғана емес, елдің анасы болғанын айғақтады. Алпыс, жетпістегі көкелер мен апалар қабырғалары қайыса тұрып: – Алыста келе жатқан бала­ның өзінің жолын кесіп өтпейтін қазақтың аяулы қызы және келіні, ауылдың анасы болды, – деді бәрі де. Бірде Үрзада ана поштаға ақша алуға барыпты. Қушыкеш қайындарының бірі: «Жеңеше, фамилияңызды айтпасаңыз, ақша жоқ» депті қалжыңдап. Апамыз: – Шырағым-ау, атамның аты екі бес жүз екенін білмейтін бе едің? – депті ойланбастан. Бірде мен ападан интервью алдым. Дархан ол кезде Түлкібас ауданында әкім еді. Апамнан Дархан жайлы сұрағанмын. – Қарағым, бұрын ол әжесінің, атасының баласы еді. Енді елдің баласы, елдің басшысы. Құдайдың берген он бес баласын алдымен Алланікі, одан соң атам мен енемнің балалары деп келдім. Шырақты шыр етіп дүниеге келгеннен Әлди деп атап, атын да осы күнге дейін атамағанмын. Енді оған ие болмай-ақ қояйын. Ел басқарып жүрген ер-азаматтың алдын кеспейін. Бәрі де аман жүрсін. Ел тыныш болсын, – деді. Кеше ғана апа дүниеден өткенде Дәкеңе көңіл айтып бардым. – Апамнан интервью алған алғашқы және соңғы журналист өзіңіз едіңіз, – деді Дәкең нұрлы жүзі бозарып... Дарханның ерекше бала екенін алдымен әжесі Үлпатай аңғарыпты. – Сүттің қаймағын, тәттінің жақсысын Дарханға сақтап отыратын. Далада еңбек етіп, маңдайы шып-шып терлеп келіп, кітабын дереу қолға алатын немересін айналып-толғанған әжесі бала Дарханға барын ұсынып, «осы балам өкімет болады» деп отыратын. Дархан университетте оқы­ғанда да кітапханадан шық­пайтын. Студент шақтың қызығымен той тойлап жүретін біздер жатақханаға іздеп келгенде ылғи да таба алмайтынбыз. Оның кітапханаға кеткенін еститінбіз. «Дәкең – атасының тонының ішінде томпиып отырып неше түрлі ғибратты әңгімелерді естіп, әжесінің мейіріміне шомылып, анасының Әлди деп жай ғана шақыратын әуезді үнімен өскен азамат болғандықтан да елсүйер бала болды. Қарапайымдылық, адалдық қанына өз отбасынан сіңген, дарыған азамат», – деді Жаһангер деген досымыз. Солай. Дүниеден иманды күйде өткен ата мен әженің, болашағына имандылыққа үндейтін кітап қалдырып кеткен әке мен бала кезінен Көмешбұлақтың, келін болып түскен соң Машаттың бұлағының суын ішіп, дүниеге бүгінде қазақтың бір ауылы болған он бес бала әкелген Үрзададай ананың баласы еді Дархан ұл.

Туған жерін түрлендірді

Дархан Қамзабекұлы өзі туған жерге әкім болған азамат. Түлкібас ауданындағы көптеген жер-су атаулары қалпына келтірілді. Ұлт рухын көтерер мыңдаған іс-шаралар өтті. Әсіресе, республикалық дәрежеде жыл сайын өтетін «Саба» қымыз фестивалінің жөні бөлек. Қымызды кім ішпейді? Бұл ауданда, ауылда күрпілдетіп күбі піспейтін үй жоқ. Сол күбісін киікотымен ыстамайтын әйел жоқ. Қымызды баптаудың барлық әдісін білетін түлкібастықтар республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қымыздың «Хан қымыз», «Бал қымыз», тағы басқа түрлері жайлы айтып, тамаша табиғат аясында жылқы жайлы таңға дейін әңгіме шертілген. Сонда ғой тау басында күркіреп, дүркіреп сөйлеген Шерхан аға: – Әй, қазақтар! Бауырларым! Мынадай тамаша жұмақ жерді ұрпағына аманат етіп тастап кеткен ата-баба ұрпақтары! Ертең мынадай шұрайлы жерді кім қорғайды? Кімге аманат етпексіңдер? Келіндермен неге «сөйлеспейсіңдер»? – деген қымыз ішіп отырған қауымға. Түлкібаста келер жылы к-ө-өп бала туылды. Түлкібаста келер жылы Дархан әкімнің үйінде Ғазали деген бір ұл келді дүниеге. Дәкең ол кезде 43 жаста еді. Биыл сол Ғазали жетіге толады. Мектепке барады. Дәкеңнің ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртқан бір идеологиялық жұмысының жемісі еді бұл. «Саба» қымыз фестивалі өтпесе, Шерхан Мұртаза, Мұрат Әуезовтер ұлттық намысты оятпаса, осындай жұмыс болар ма еді, жоқ па еді? Солай. Түлкібаста қазанат ердің тұқымы қалдырған, ұлттық нақышқа, бояуға толы мыңдаған істер жатыр. Түлкібаста, туған жерде ізі қалды текті ұлдың. Сөзі тұр тақтайға, тасқа жаздырған.

Оңтүстік – ұлыстың ұйытқысы

Қазақ әдебиетінің классигі Қалтай Мұхамеджанов «Ұлысым­ның ұйытқысы – Оңтүстік» деп керемет сараптамалық мақала жазып еді. Тілді, дінді, салтты, өнерді сақтаған, ұлтқа дарынды ұл-қызды көп берген Оңтүстік жайлы жазылған осы ойлы дүние жайлы Дәкеңмен кездескен сайын әңгімелесетінбіз. Облыс әкімінің орынбасары болған тұста Дәкең «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты іс-шараны өткізуді қолға алды. Осы іс-шара адамдардың жүрегіне өте жақын болды. Кеңестер Одағы тарқағаннан кейін, нарықтың қиын-қыстау күндерінде идеология деген нәзік те мықты жібек жіп үзіліп қалды емес пе? Жалпы да, жалқы да жата қалып кітап оқитын әдет жоғалып, оқырман ақын-жазушы ағайыннан алыстады емес пе? Осы іс-шара арқылы жүздеген мықты ақын, жазушылар өз оқырмандарымен қауышты. Әдебиет әлемі, кітаптар жайлы әңгіме қозғалып, жазушы, ақындар ағынан жарылып, жан сырларын ақтарды. Оқырман – кітаптан, сүйікті ақын-жазушыларынан қол үзіп қалған патша көңіл ағайын рухани байып қалды. Облыстық драма театры осы кездесу өтетін күні халыққа толып кететін. Залда ине шаншар орын болмайтын. Оқырмандардың «кездесу тағы да болса...» деген қимастық сезіммен кетіп бара жатқанын қаншама рет көзбен көрдік. Елбасымыз «Мен үшін Оңтүстіктің орны ерекше», «Оңтүстікке келгенді ұнатамын» дегенді босқа айтқан жоқ. Оңтүстікте ел жағдайы, экономикасы ғана түзелмей, рухани жағынан да өсіп, өрлеу бар еді. Өз елін, ұлтын, салтын, өнерін өте сүйетін, жас қазақ мемлекетін әлемге әйгілеуге бар күш-жігер, ақыл, білімін арнаған, тәуелсіздікті тұғырлы ету, ел көшін нарықтың өткелінен аман-есен алып өту үшін ерлік жасаған Елбасы Оңтүстікті айтқанда қазақты, ұлтты айтты деп ойлаймыз. Елбасының оң бағасын алған оңтүстікте ұлттық идеологияны жандандырған, халықтың өз құндылығын өзіне қайтарып берген Дархан салған із көп еді.

Ұлтын сүйген ұлдың ісі

Оңтүстікте газет көп. Солардың бәрімен жұмыс істеу де оңай емес. Дәкең солардың бәрінің басын біріктіре білді. Әсіресе, қарашаңырақ аталатын «Оңтүстік Қазақстанға» қамқорлық Дәкеңнің кезінде жасалды. «Оңтүстік Қазақстан» газетіне, өзге облыстық газеттермен салыстырғанда, бюджеттен тым аз қаржы бөлінетін. Газеттің сол кездегі бас редакторы ретінде Дәкеңмен ұлттық газетті қайткенде жақсартамыз деген мәселе төңірегінде талай рет ақылдастым. Нәтиже керемет болды. Бұрын 12-13 миллионнан артық қаржы бөлінбеген газетке Дәкең облыс әкімі Ө.Шөкеевке қайта-қайта кіріп жүріп, 26 миллион қаржы бөлдірді. Және жырымдалып, бөлініп-бөлініп түсетін осы қаржы редакция есепшотына бірден аударылды. Редакция қызметкерлерінің, яғни журналистердің еңбекақысы, қаламақысы өсті. Бұрын алақан­дай болып шығатын газет үлкен фор­матпен шыға бастады. Мән-маз­мұн өзгерді. Оқырман көбейді. Бұл да идеолог Дарханның, ұлтын сүйген ұлдың оңтүстікте қызмет еткенде қалдырған жақсы бір ісі еді. Журналистер қауымы да, ел де Дарханның ұлттық баспасөзге жасап кеткен қамқорлығын әлі айтады.

Ауылдан Астанаға аттанды

Дәкеңді Астана шақырды. 2008 жылдың сәуірінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде вице-министр қызметіне кірісті. Сол жылдың қараша айынан бастап мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Дәкеңнің сол орындағы төрт жылдық еңбегі елдің көз алдында. Ауылдан, он бес балалы отбасынан шығып, Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін оқыған, туған жеріне еңбек сіңіріп, тәжірибе жинақтаудың барлық жолынан өткен Дәкеңнің бүгінгі атқарып отырған қызметі де оңай емес. Ел бірлігі, татулығы, ынтымағы ең басты назарда болуға тиіс десек, Дәкең басқарып отырған бөлімнің жұмысы қаншалықты ауыр екені өз-өзінен белгілі. Басқасын айтпағанның өзінде, жиырма ғасырға бергісіз тәуелсіздіктің жиырма жылдығын өткізу, мыңдаған іс-шаралар даярлау, қазақ деген халықты, Қазақстан деген мықты мемлекет пайда болғанын әлемге паш ету үшін өте жоғары дәрежеде жұмыс жүргізілгенін айтсақ та жеткілікті. ...Ауылдан шығып, Астанаға дейін өскен Дархан Қамзабекұлының үйіне соқтық. Сол күні Түлкібас мейір төгіп тұрғандай жып-жылы болды. Экспедицияға шыққан екеу – Әселхан және мен он бес балапан ұшып шыққан үйге келгенде кісі көп екенін көрдік. Он бес баланың үшеуі Мәскеуде оқығанын білеміз. Дархан және бауырлары келген кісілерді қарсы алып жүр. Дарханның інісі, ғылым докторы Дихан қолына құманын ұстап, келгендердің қолына су құйып жүр. Иығында орамал. Әселхан айтты: – Ұлылық ұялаған ұяның балалары осындай болады. Қарапайымдылықты, имандылықты өмірсерік етіп өскен балалар ғой. Қазақтың қақ ортасында жүріп-ақ шүлдірлеп орыс боп кеткен қазақ көп. Ресейде оқып келсе де бірі жылы амандасып, жұртқа жүрегін көрсетіп, бірі қолға құманмен су құйып, бірі самауыр қайнатып жүрген мына үш ұлдың соңынан ерген баланың бәрін солай деп ойлаймын. Бұларды халыққа, елге жаны ашитын, жақын еткен нәрсе – Қамзабек көкенің иманды, үлгілі өмірі, Үрзада ана жүрегінен сорғалаған мейірім, – деді. Мен үнсіз келістім. Елуіңіз құтты болсын, ел баласынан ел ағасы дәрежесіне жеткен Дархан дос! Ұлт деп соққан жүрегіңізге жүк, жүзіңізге әжім түспестен жүзге келіңіз!

Анар АСПАН

 ДАРХАНҒА

Мұқияттап мақсаты мен мұратын, Дәлелдеген Дархан деген дүр атын. Сезіміне дақ түсірмеу халықтың, Парасатты парызым деп ұғатын. Ағайынның көтеретін өкпесін, Сағынатын туған жерін Меккесін. Киелі деп атасының қамшысын, Аялайтын әжесінің текшесін – Бір ініміз бар біздің. Алдыңды орап алаяқтық жалған іс, Жадау үйге оңай емес жан бағыс. Аламанда аузын айға білеген, Ақындар да іздейді екен қорғаныш. Бүгінгі елге мал қайғы емес, жан қайғы, Жалғызыңды жұрттың діні арбайды. Кірген жылан ақ құйсаң да басына, Уын шашпай шығып кете салмайды – Зарды ұқпайды заң біздің... Рух дертті ұяттардан төгілген, Періштелер көз жасына көмілген. Тағдыр талқын талқандайтын шығар-ау, Арда қазақ арғымағын тебінген. Сүрлеу бермей сірессе де қаңтар қар, Көктем барын сыбырлайды әр таңдар. Суық сорған жұрттың өңін жылытып, Жүрек отын маздатады Дархандар – Дегеніне жетеді ер. Биіктеткен Алатаудың шыңдары, Тастай берік ұстанымы, ұжданы. Қара ормандай бір-біріне сүйенген, Қамзабек пен Үрзаданың ұлдары. Мыңбай әулет мұзарт кешкен мыңбасы, Ханға лайық ханзадасы, мырзасы. Әпкелердің ақ ниетін жолдадым, Мың болсын деп бауырымның бір жасы! Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері