Айлық айырмашылығы анықталып жатыр
2019 ж. 14 қыркүйек
2715
0
Қазақстандық пен шетелдік азаматтар арасындағы жалақы айырмашылығы ақыры айқындалды Шетелдік жұмысшылар жергілікті мамандардан жалақыны екі есе көп алатыны белгілі болып отыр.
Шетелдік компанияларда арнайы тексеру жүргізген Бас прокуратура мен Еңбек инспекциясы жылдар бойы жұмысшылар шулап келсе де осыған енді ғана көз жеткізіпті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша Бас прокуратура мен Еңбек инспекциялары 63 мекемеде тексеру жүргізіп жатыр. Оның 38-інде тексеру аяқталған. Өкінішке қарай, соның 19-ында 161 факті осындай қазақстандық пен шетелдік азаматтар арасындағы жалақы айырмашылығы айқындалып отыр. Негізі, екі есе деген ресми мәлімет қана айтылды. Іс жүзінде 4-5 есе кем алып жүргенін қазақстандық жұмысшылар талайдан бері айтып та, тиісті орындарға жазып та келеді. Ал заң бойынша қызметкерлерге жұмысқа кіргенде ұлты мен азаматтығына қарамастан теңдей жағдай жасалуы тиіс. Айта кетсек, жуырда Маңғыстауда «М-Техсервис» компаниясының жұмысшылары жалақыларын 65 пайызға көтеру туралы талап қойған еді. Компания басшылығы келісіп хаттамаға қол қойғанымен, іс жүзінде орындамаған. Қазір бұл мәселемен тиісті министрлік және облыс басшылығы айналысып жатыр. Осы жағдайдан кейін Бас прокуратура мен Еңбек инспекциясы барлық шетелдік компанияларды тексеруге кіріскен болатын.
qazaquni.kz