Назарбаев Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинді қабылдады
2019 ж. 11 қыркүйек
2105
0
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының қазіргі қызметі мен жұмыс жоспарлары туралы ақпарат берілді, - деп хабарлайды elbasy.kz.
– Қазіргі таңда Мәжілістің қарауында 45 заң жобасы бар. Барлық 3 фракция жұмысына кірісті. Біздің фракцияның алдына Сіздің тапсырмаларыңыздың, сайлауалды уәделердің орындалуы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асуын сапалы бақылау міндеттері қойылды, – деді Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар, Елбасына Еуропа мен Азия елдері парламенттері спикерлерінің кеңесіне дайындық барысы туралы мәлімет берілді.
– 24 қыркүйекте өтетін спикерлер отырысына әлемнің 65 елінен келген делегат қатысады. Елімізде мұндай жоғары деңгейдегі парламенттік іс-шара соңғы 20 жылда алғаш рет өткізіліп отыр. Еуропа және Азия елдері парламенттері спикерлерінің биылғы кездесуі Сіздің еуразиялық интеграция туралы идеяңыздың 25 жылдығына арналған», – деді Парламент Мәжіліс Төрағасы.