Түркістандағы жарылыс: Бірнеше адам ауруханаға жеткізілді
2019 ж. 11 қыркүйек
2303
0
Түркістан қаласында «ROYAL GRAND HOTEL» қонақүйінің аумағында болған жарылыс салдарынан бірнеше адамды күйік шалды. Олар жергілікті ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бекзат Саттарханов көшесіндегі қонақүйде өрт орын алғаны туралы хабарлама 18:05- да түскен. Оқиға орнына келген кезде қонақүйдің шатыры жалындап, ғимараттың бірінші қабатының оң жақ беті жанып жатқаны анықталды. Сонымен қатар қонақүйдің артқы жағында газ цистернасын толтыру барысында газ тасымалдайтын автокөліктің жарылғаны мәлім болды. Өртті сөндіруге 17 техника мен 75 сөндіруші жұмылдырылды. Қазіргі таңда қаза болғандар анықталған жоқ», - дейді Нұрғали Жүнісов.
Ведомство басшысының айтуынша, бірнеше адам күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі. Әзірге белгілісі, өрт 3 тонналық газ цистернасын толтыру кезінде шыққан. Сәл кейінірек ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов мәлім еткендей, жалынның таралуы 20.00-де тоқтатылып, 20.15-те толығымен ауыздықталды.
Еске салайық, қонақүй аумағындағы жарылыс туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Болжаммен жалын 1400 шаршы метр аумақты шарпыды. Полиция қызметкерлері қонақүй аумағын қоршауға алды.