Президент ректорларды тағайындау тәртібін қайта қарау туралы Жарлыққа қол қойды
2019 ж. 19 тамыз
2972
3
Мемлекет басшысы республикалық деңгейдегі бірқатар ұйымның басшыларын тағайындау тәртібін қайта қарау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жоғары оқу орындарының және Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректорларын, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының директоры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының басшысын тағайындау тәртібін қайта қарау туралы Жарлыққа қол қойды», - делінген хабарламада.
Жарлыққа сәйкес аталған мекемелердің бірінші басшыларын тиісті саланы жетекшілік ететін уәкілетті органдар тағайындайтын болады. Жауапты лауазымдарға үміткерлерді іріктеу конкурс негізінде жүргізіледі.
Жаңа тағайындау тәртібі келесі ұлттық жоғарғы оқу орындарына қатысты:
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
- Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті;
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
- Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
- Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы;
- Қазақ ұлттық өнер университеті;
- Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы;
- С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті;
- Қазақ ұлттық хореография академиясы;
- Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті.