Биылдан бастап білімін растамаған түлекке диплом берілмейді
2019 ж. 26 шілде
3635
0
Бұдан былай мемлекеттік грантта оқыған интерндер де ауылда 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Астана" арнасы.
7 жыл бұрын қабылданған заң биыл күшіне енді. Ауылдық квотамен оқыған дәрігерлер шалғайдағы кадр тапшылығын жоймай отыр. Былтыр елді-мекенге 700 түлек жіберілсе, биыл олардың саны 2000-ға жеткен. Бірақ қалаға құмар кадрлар ауылға баруға құлықсыз. Интернатураны бітірген түлектер шағымына министр заңды түсіндіріп берді.
Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Ауылға 2000 түлек жіберілсе де, әлі кадр тапшылығы шамамен 30 пайызды құрап отыр. сондықтан алдағы 2 жыл мемлекеттік грантта оқыған медицина мамандарын ауылға жібереміз. Бұл - заңда көрсетілген міндет.
Сондай-ақ, енді медициналық университетте жалпы білім алу мерзімі 1 жылға қысқарды. Яғни студенттер жоғарғы оқу орнында 7 жыл емес, 6 жыл оқиды. Министрлік тиімді оқыту жүйесін енгізіп, интернатураның 1 жылын алып тастады. Бұдан бөлек, биылдан бастап білімі расталмаған түлекке диплом берілмейді. Ведомсто болашақ дәрігерлерді тәуелсіз бағалаудан өтуге міндеттеп отыр.
Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Биылғы жылы бітірген 11 түлек өз білімін растай алмады. Енді олар 1 жыл ішінде бұл емтиханды қайта тапсыруға міндетті. Содан кейін ғана дипломдары беріледі. Еңбек нарығына өту үшін қазір қатаң жүйе енгізілген.