Перуашев Жаңаөзендегі Үкіметтік Комисияның құрамына "АҚ ЖОЛ" партиясының тәуелсіз сарапшыларын қосуды ұсынды

Астана. 28-желтоқсан. Kazakhstan Today - Азат Перуашев Жаңаөзендегі оқиғаларды тексеру жөніндегі Үкіметтік Комисияның құрамына тәуелсіз сарапшылар ретінде "АҚ ЖОЛ" партиясының өкілдерін қосуды ұсынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі."Ақ жол" партиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Азат Перуашев Жаңаөзендегі оқиғаларды тексеру жөніндегі Үкіметтік Комисияның құрамына тәуелсіз сарапшылар ретінде "АҚ ЖОЛ" партиясының өкілдерін қосуды ұсынды. Осыған байланысты бүгін Комиссия төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің атына арнайы хат жолданған. Аталған Комиссия құрылған кезде Мемлекет басшысының "...ақпараттың мейлінше ашықтығын қамтамасыз етіп, нәтижесі туралы халыққа жариялап, қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшыларды тарту керек" деп тапсырғандығы хатта атап көрсетілген. Естеріңізге сала кетсек, 19 желтоқсан күні "АҚ ЖОЛ" партиясы Комиссия жұмысына ат салысуға дайын екендігін мәлімдеген болатын. Желтоқсанның 17-сіне қараған түні қабылданған "АҚ ЖОЛ" партиясының Мәлімдемесінде "Партия осы оқиғаға орай атқарушы органдардың іс-әрекетіне баға беруді қоса алғанда, оған тиісті дәрежеде құқықтық және саяси баға бере отырып, әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізуін талап етеді" деп атап көрсетілген. Осыған орай, "Ақ жол" партиясы, партияның беделді мүшелерінен жасақталған тәуелсіз сарапшыларды Үкіметтік Комиссияға тарту "Комиссия жұмысының қоғам алдындағы шынайылығы мен ашықтығын, заң қағидаларының сақталуын, бұра тартушылыққа жол берілмеуін қамтамасыз етеді", деген пікірде.  Kazakhstan Today