4 адам кенеттен қайтыс болды: Арыста радиация қаупі болуы мүмкін бе?
2019 ж. 17 шілде
4514
1
Арыста 18 жастағы жас жігіт белгісіз жағдайда қайтыс болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Шымкент қаласында оқитын студент дүкенге шығып, кенеттен құлап, жүрегі тоқтап қалған. Қара жамылған отбасыдан сұхбат алу мүмкін болмады, алайда марқұм жігіттің анасының құрбысы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Сап-сау жүрген бала, сырқат дегенді білмейді. Жап-жарқын, отбасының қамқоршысы. Түскі уақытта дүкенге барып, сол жақта есінен танып, қайтыс болды. Шынымды айтсам, сене алмай отырмыз. Көз алдымызда өскен бала еді. Оның неден қайтыс болғаны әлі нақтыланбады.
Дәрігерлер денесін алып кетті, қорытынды жасалынбады әлі», - деген Алтынай Шынтасова құрбысының ұлының өлімінен соң алаңдаушылық таныта бастағанын жеткізді. Айтуынша, Арыс қаласында орын алған жарылыстан кейін өлім-жітім бірінен соң бірі көбейді.
«Өткенде ғана торабтық ауруханаға жақын маңда тұратын ер кісінің осылай есінен танып, қайтыс болғанын білеміз. Одан кейін жуырда қаладағы мекемелердің бірінде еден жуушы болып жұмыс істейтін әйел де кенеттен қайтыс болды. Жақында өзімнің сыныптасым бақилық болды. Сап-сау жүрген адамдар. Түсінемін, егде жастағы адамдар қайтыс болған болса жасы келген дер едік. Бірақ жап-жас адамдар, артында жылап-еңіреп бала-шағасы қалды. Арыста радиация жоқ дейді. Егер жоқ болса, неге біздің денсаулығымыз жиі сыр береді. Дәрісіз жүре алмайтын болдық. Неге өлім көбейіп кетті», - деді тұрғын.
Ал Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек шаһарда радиация қаупі жоқ деп сендірді. Себебі арнайы құзырлы мекемедегілер барлық тексеру шарасын жүргізген. Егер қандай да бір қауіп болса, тұрғындар қалаға кіргізілмейтін еді деп отыр. Тіпті арыстықтар тұтынып отырған судан да келер зиян жоқ дегенді алға тартты.
Естеріңізге сала кетсек, 24 маусым күні Түркістан облысы, Арыс қаласында ірі жарылыс болды.