ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ АРЫСҚА АПТА САЙЫН КЕЛІП ТҰРАДЫ
2019 ж. 12 шілде
2639
1
Арыс қаласында жұмыс сапарымен жүрген Премьер-Министр Асқар Мамин тұрғындармен кездесу барысында апта сайын келіп, жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімін тексеріп тұратынын айтты.
Үкімет басшысы Арыстағы мектепте, Жамбыл облысының штабына берілген тұрғын үй секторында болып халықпен кездесті. Бұл жерде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев халыққа қаланың әскери снаряд қалдықтарынан түгел тазартылатынын айтып сендірді. Тұрғындар атынан сөз алған бірнеше адам жамбылдықтардың жөндеу жұмыстарын жақсы ұйымдастырып жатқанын айтып, мемлекет қамқорлығына алғыс білдірді. «Көріп отырсыздар, бір айдың ішінде барлық жұмыс бітеді деген сенім бар. Апта сайын келіп, тексеріп тұрамыз», – деді Премьер-Министр. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, аталмыш секторда 312 үйді жөндеу қажет. Бұған қоса 2 үйді жаңадан салып шығу көзделген. Бүгінге дейін Арыста 551 үй қалпына келтірілген. Түркістан облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимовтың айтуынша, жарылыс кезінде зардап шеккен 65 адам ауруханадан жазылып шықты.
qazaquni.kz