ҚР Бас прокуратурасы қазақстандықтарды заңсыз митингтерге қатыспауға шақырды
2019 ж. 05 шілде
2793
0
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Б.Б. Дембаев «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібінде қазақстандықтарға үндеу жолдады.
«Биыл 28 маусымда прокуратура органдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бейбіт митингілер мен жиналыстар өткізудің тәртібі мен шарттары туралы заңға түсініктеме берді. Мемлекет мұндай жария іс-шараларды өткізуге конституциялық құқықты іске асыруды «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заң шеңберінде қамтамасыз етеді» делінген үндеуде.
Сонымен қатар, онда әлеуметтік желілерде аталған заң талаптарын бұзып, 2019 жылғы 6 шілдеде санкцияланбаған митингтерді ұйымдастыруға және оған қатысуға арандатушылық шақыруларды тарату әлі де жалғасып жатқаны айтылған.
«Жүргізіліп жатқан үгіт - жекелеген адамдардың жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға және елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кезекті талпынысы. Конституция мен ұлттық заңнамаға сәйкес мұндай іс-әрекеттерге тыйым салынады және жауапкершілікке әкеп соғады. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары аталған заңсыз іс-әрекеттердің жолын кесетін болады. Рұқсат етілмеген жария акцияларды ұйымдастыруға және өткізуге шақыру, не оларға қатысу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған (санкцияланбаған акцияны ұйымдастыру не оған қатысу)» делінген хабарламада.
Одан бөлек, бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, онда Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауапкершілік туындайтыны (санкцияланбаған акцияны ұйымдастыру не оған қатысу, егер олар елеулі зиян келтірсе) айтылған. Осының бәрін ескере отырып, Бас прокуратура азаматтарды заңды сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.