ҰБТ-2019: Бір ғана талапкер 140 балл жинай алды
2019 ж. 25 маусым
3686
0
Ұлттық бірыңғай тест тапсырған түлектерден республикалық апелляциялық комиссияға 111 өтініш түсті. Бұл туралы бүгін ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«20 маусымнан бастап елімізде ҰБТ басталды. Бүгінгі күнге дейін бес лек өтті. Бүгін тестілеудің алтыншы күні өтіп жатыр. Тестілеуге өтініш берген 74 365 түлектің 71 227-сі қатысты. Бұл өтініш бергендердің 96 пайызын құрап отыр. Оның ішінде қазақ тілінде - 56684 түлек, орыс тілінде - 14455. Ағылшын тілінде 87 түлек тапсырды. 24 маусым күні ең жоғары нәтиже 140 балл тіркелді. Ол Түркістан облысы Сарыағаш ауданының түлегі - «Алтын белгі» иегері Жұбай Қасымжан Әділжанұлы. Кеше ғана ҰБТ тапсырған болатын», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, бүгінгі күнге дейін ең көп таңдалып отырған пәндер тізбесінде физика, математика, биология жән химия бар.
«ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 21 бала қатысты. Оларға арнайы жеке аудитория берілген, арнайы мамандар жұмыс істеді. ҰБТ өткізу технологиясын сақтау мақсатында өңірлерге жіберілген министрлік өкілдері оны қамтасыз етті. Барлық аудитория ұялы телефон сигналдарын басатын құралдармен, бейнекамералармен жабдықталған. Тестілеу өткізу мерзімінде Ұлттық тестілеу орталығының call-орталығына 546 қоңырау түсті. Олардың көбісі - тамыз айында болатын ҰБТ және жоғары оқу орындарына түсу бойынша сұрақтар. ҰБТ-2019 нәтижелері edu.mail.kz сайтында және телеграм-ботта - edu.gov.kz bot, сонымен қатар ұлттық тестілеу орталығының сайтында - www.testcenter.kz жарияланды. Бүгін сағат 13:00-ге дейін жергілікті жерлерде апелляциялық комиссия жұмыс істеп жатыр. Республикалық апелляциялық комиссияға жалпы 111 өтініш келіп түсті, оның ішінде 63-і қанағаттандырылды, 81-і қайтарылды», - деді Ә.Тойбаев.