Бас прокуратура бюллетеньдерді жабылып салғандардың видеосы туралы: Мәліметтердің дені расталмады
2019 ж. 20 маусым
3084
0
Қазақстанның Бас прокуратурасы елімізде өткен президент сайлауы кезінде барлығы заңға сай болды деген тұжырым жасады. Сайлау нәтижесіне күмән келтіретіндей бұзушылықтарға жол берілмеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сайлау кезеңінде прокуратурамен 36 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, сотқа жіберілді. Олардың 30-ы сотпен қаралды, 6-ауы қаралуда.
Ведомство мәліметінше, басқа адамдар үшін дауыс беру мүмкіндігін жасау мақсатында азаматтарға бюллетеньдер бергені үшін учаскелік сайлау комиссиясының 11 мүшесі ӘҚБтК-нің 110-бабы (Азаматтарға басқа адамдар үшiн дауыс беруге мүмкiндiк жасау мақсатында сайлау бюллетеньдерiн беру) бойынша жауапкершілікке тартылған. Оларға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«9 сайлаушыға тең сайлау құқығы туралы талапты бұзғаны үшін ӘҚБтК–нің 108–бабы (Тең сайлау құқығы туралы талапты бұзу) бойынша айыппұл салынды. Негізінен олар отбасы мүшелері үшін бюллетеньдер алған. Бұл Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары. Осындай 4 іс Жамбыл облысының мамандандырылған әкімшілік сотының қарауында», - дейді Бас прокуратурадағылар.
Прокуратура органдарымен бірқатар БАҚ-та, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған бюллетеньдер салу мен өзге де бұзушылықтар туралы бейнежазбалар бойынша тексеріс жүргізілуде. Мәліметтердің дені расталмады.
«Көптеген бейнежазбаларда оқиғалар болған учаскелер, аудан, қала, облыс туралы деректердің жоқтығына байланысты қалған фактілер бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда», - дейді ведомстводағылар.
Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін материалдар сотқа берілетін болады.
Еске сала кетсек, 9 маусымда өткен президент сайлауы кезінде желіде бюллетеньдерді жабылып салып жатқан адамдардың видеосы тараған еді.