Қазақстанда митинг кезінде 4 мың адам ұсталды
2019 ж. 19 маусым
2048
0
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстанда митинг кезінде 4 мыңға жуық адам ұсталғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Маусымның 9, 10, 11, 12 және 13-і - бес тәулік ішінде Бас прокуратура мен ІІМ-нің бірнеше рет ескертуіне қарамастан, Қазақстан қалаларында рұқсат етілмеген митингтер өткізілді. Митингіге шыққан азаматтар "митингілер, шерулер және демонстрациялар туралы" заңды бұзған. Заңда мұндай акцияларды өткізбес бұрын қатысушылар жергілікті атқарушы органдарға өтініш беруі тиіс екені анық жазылған. Тек ЖАО-ның рұқсатымен ғана митингілер өткізілуге тиіс", - деді Тұрғынбаев Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Ол полиция қызметкерлеріне арнайы құралдарды қолданбауға бұйрық берілгенін атап өтті.
"Бүкіл полиция тәртіпсіздіктердің жолын кесу үшін арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл газ баллондары, дубинкалар, олар қолданылған жоқ. Бұл қақтығыстарды оқшаулау үшін тек физикалық күш қолданылды. 4 мыңға жуық азамат ұсталды", - деді министр.
Оның айтуынша, 3 мың азамат "қамауға алынып, босатылды". 677 адам сот арқылы әкімшілік қамауға алынып, 305 адамға әкімшілік айыппұл салынды.