Елордалық 400 полицей мектеп бітіру кештерінде қауіпсіздікті қадағалайды
2019 ж. 13 маусым
2386
0
Елордалық полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласының жалпы білім беру мектептерінде 12-21 маусым аралығында өтетін бітіру кештерінде тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалайды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Осыған байланысты, полиция қызметкерлері іс-шаралар өткізілетін жерлерде қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау және қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауда. Әр білім беру ұйымына Департаменттің полиция қызметкерлері бекітілген.
«Қоғамдық тәртіпті күзетумен қатар, мектепті бітіру кештерінде тікелей іс-шаралар өтетін орындардың жанында патрульдік полиция нарядтары кезекшілік етеді. Жол және қоғамдық қауіпсіздікті 400 полиция мен 40 автопатруль жүзеге асыратын болады», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Бұдан бұрын полицейлер оқу орындарының оқытушылар құрамымен профилактикалық әңгімелер өткізіп, негізгі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірген болатын. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салады (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі, 2-бөлігі, 3-бөлігі «кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс жерде болуы» (ескертуден бастап айыппұлға дейін 15 АЕК).