Ұлы Абайдың елі «АҚ ЖОЛДЫ» қолдап отыр

«АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы қасиетті Семей жерінде

л

                 Таяуда ШҚО Семей қаласында «АҚ ЖОЛ» партиясының кезекті сайлауалды кездесулері өтті. «АҚ ЖОЛ» партиясы өзінің сайлауалды тұғырнамасында «Бизнесті қорғау - елді гүлдендірудің негізі» деп мәлімдеген болатын. Семейде осы шара аясында «Отандық тауар өндірушілерді қолдау» атты дөңгелек үстел өтті. Сондай-ақ, Партия төрағасы Азат Перуашев бастаған «ақжолдықтар» Семей өңірінің сайлаушыларымен кездесті. «АҚ ЖОЛ» партиясы отандық тауар өндірушілерді қолдау, олардың қызметіне лайықты жағдай жасау отандық кәсіпорындардың бәсекелестігін арттыруға, дамуына жол ашады деп санайды. Азат Перуашев отандық кәсіпкерлерді жемқорлықтан, әкімшіл-төрешіл шенеуніктерден қорғау жайында, оларға мейлінше салықтық жеңілдіктер жасау туралы кеңінен әңгімеледі. Біз шағын және орта бизнесті құрылғаннан бастап үш жыл мерзімге қосымша құн салығынан, корпоративті кіріс салығынан босатуды ұсынамыз. Өйткені, үш жылда кәсіпорындардың аяғынан тұрып кетуі қиын. Салықтық әкімгершілік пен есепті жеңілдетіп, егер салықтық есеп мемлекетке зиян келтірмесе, жеке кәсіпкерлерге салықтық есеп бойынша айып салуды алып тастау қажет. Салықтық есеп бойынша айыптау мерзімін қысқартып, ҚР Қылмыстық кодексінен жалған кәсіпкерлік туралы бапты да алып тастау қажет. Онсыз бизнес орта тап ретінде дами алмайды, - деді Азат Перуашев. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілердің мәселелері туралы «Атамекен» ҰЭП төрағасының бірінші орынбасары Екатерина Никитинская, Сауда кәсіпорындары ассоциациясының вице-президенті Жібек Тәжібаевалар сөз сөйледі. - «АҚ ЖОЛ» кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражаттың жұмсалу тиімділігін арттыру үшін жеке бизнесті қолдайтын ұлттық институттарға парламенттік бақылау енгізуді ұсынады, - деді, өз кезегінде Жібек Әжібаева. Осы тақырыптағы басқа мәселелер де ашық талқыланды. «Ақжолдықтар» ішкі нарықта отандық өндірушілерге басымдық беруді ұсынды. Шетелдік компаниялардың әділетсіз бәсекесін тоқтатып, Кедендік Одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістік аясында қазақстандық өнімдерге қолдау көрсетілуі қажет деп санайды. Жиын барысында сөз алған семейліктер «АҚ ЖОЛ» партиясын қолдап, дауыс беретіндіктерін жеткізді.

А.Өркенбай