Қанат Бозымбаев үйінде электр энергиясын қалай үнемдейтінін айтты
2019 ж. 10 маусым
2669
0
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев электр энергиясын үйінде және жұмысында қалай үнемдейтіні туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрине, электр жарығы мен жылуды үнемдеймін. Жылу беру жүйесінде арнайы құрылғы орнатылған. Егер де жылу батареясы белгілі бір температураға жетсе, бұл құрылғы жылу мен суды тоқтатады. Бұл өз кезегінде коммуналдық шығындар бойынша үнемдеуге жол ашады. Ал электр энергиясына тоқталсақ, ұйқыға жатар алдында балалар үйдегі электр жарығын міндетті түрде өшіруге үйретілген. Осы орайда энергия тиімділігі мәдениетіне екпін қойып отырмыз», - деді Бозымбаев.
Сонымен қатар ол «ҚазМұнайГаз» ғимаратында энергия қалай үнемделіп жатқандығын айтып берді.
«Энергетика министрлігінде де үнемдеу жүріп жатыр. Бізде шығыстар бойынша ең аз көрсеткіштердің бірі тіркелген. Бүгінде ведомство «ҚазМұнайГаз» ғимаратында орналасқан. Сағат 18:30-дан кейін біздің қызметкерлердің компьютерлері автоматты түрде өшіріледі. Бұл ретте адамдарды жұмыста негізсіз ұстамаймыз. Себебі басшылар белгіленген жұмыс уақытында мақсаттар орындалуы үшін процесті тиімді түрде ұйымдастыруы керек. Егер де үлгермесе, бұған басшы кінәлі, өйткені жұмыс процесін дұрыс ұйымдастырмаған», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, Қ. Бозымбаев шағын көлемді жаңартылатын энергия көздерін қолдау бойынша заң жобасы әзірленіп жатқандығын атап өтті. Бұл шаралар халыққа «жасыл» энергетика құрылғыларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.