Қызметкері пара алса, бірінші басшының отставкаға кетуін Президент шешеді - Бектенов
2019 ж. 07 маусым
2975
0
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметкері пара алса бірінші басшы отставкаға кету керек деген болатын. Бүгін осыған қатысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов пікір білдірді, - деп хабарлайды baq.kz.
«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарамағындағы қызметкері ұсталса, бірінші басшы отставкаға кету керек деп тапсырма берді. Енді оны «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға енгіземіз. Әзірге бізде бір заң жобасы бар. Оны Парламентке енгізгенбіз. Сол заң жобасына осы норманы қосамыз. Ол норма заңға енсе барлығы да жұмыстан кетуге міндетті болады. Егер орынбасары ұсталса онда министр отставкаға өтініш беруі керектігін президент айтты. Ал оның отставкасының қабылдануы не қабылданбауы ел президентінің құзіретінде. Бұл жерде соңғы шешім тек мемлекет басшысы қабылдайды» - деді Олжас Бектенов. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек", – деген болатын.