Эльмира Суханбердиеваға қатысты қандай бап бойынша іс қозғалғаны белгілі болды
2019 ж. 07 маусым
3177
1
Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева қамауға алынды, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Вице-министрге «қызметін асыра пайдалану», «пара алу» «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Енді шенеунік тергеу аяқталғанша екі ай қапаста отырмақ.
Эльмира Суханбердиева өткен аптада вице-министр ретінде Үкімет отырысына соңғы рет қатысып, білім саласындағы жемқорлық жайлы айтып, бұған дейін пара алды деп күдікпен ұсталған Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы басшылары Данияр Әлімқұлов пен тағы бір директорға қатысты мәлімдеме жасаған еді.
Содан кейін көрінбей кеткен 48 жастағы Суханбердиеваның өзі күдікке ілінген екен. Бірақ білдей Білім және ғылым вице-министрінің параны кімнен, не үшін және қанша көлемде алғаны құпия ұсталып отыр. Жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның мәліметінше 2016 жылы болған қылмыстың біреуі 9 миллионның көлігін ауызбастырық ретінде алып, екіншісі ақшалай пара алып шатылып жатқан ұлттық тестілеу орталығы директорларының ісіне қатысы жоқ екен. Ал Суханбердиеваға қатысты 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жанна Бастарова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Білім және ғылым вице-министріне қатысты «лауазымдық өкілетті теріс пайдалану», «пара алу», «кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу жалғасуда.
Еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған Суханбердиева Елордаға дейін жетіп, білім басқармасын басқарды. 2016 жылы Білім және ғылым вице-министрі болды. Бұл ведомствода балабақша, мектеп пен колледждерге жауап берген. Ал осы қызметті атқарып жүріп, декреттік демалысқа шығып, «Болашақ» бағдарламасымен Америкадан білім алып келді. Бірақ, сол кезде оның оқуға түсуіне қатысты жанжал шыққанымен, шенеунік ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтып ақталған. Ал бұл жолғы жемқорлық дауынан құтылу оңай болмайтын сияқты.
Ботагөз Баянова, Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы:
- Күдікті Суханбердиева Эльмира Аманкелдіқызына қатысты 2 ай мерзімге, яғни, 2019 жылдың 2-тамызға дейінгі мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Осылайша, екі апта ішінде Білім және ғылым министрлігінің үш бірдей лауазымды қызметкері пара алды деген күдікпен ұсталып отыр. Ал Суханбердиеваның шатылуынан соң Білім министрлігі әзірше ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ министр Шәшидинова отставкаға өтініш бергеннің өзінде, оны қызметінен босату жағын президент шешеді.