А4 сертификатқа қосымша төлеп жатырсыз – Нығматулин білім министріне
2019 ж. 06 маусым
3733
1
Мектепте сабақты үш тілде оқыту үшін 6740 мұғалім оқытылған. Бірақ тек 818 педагог сабақты толық ағылшын тілінде өткізеді. Дегенмен барлығы бірдей ай сайын 35 394 теңге қосымша ақы алып отыр, - деп хабарлайды baq.kz.
Бұл туралы бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жәмила Нұрмамбетова айтып, БҒМ Күләш Шәмшидиновадан сабақты әртүрлі өткізген мұғалімдер неліктен бірдей қосымша ақы алатынын сұрады.
«Менің сұрағым үштілді білім беру жүйесіне байланысты. Үкіметтің 2018 жылғы есебіне сүйенсек, республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңгеден астам ақша тіл курстарынан өткен 6740 мұғалімнің жалақысына қосымша төлем ретінде бөлінген. Бірақ көрсетілген 6740 мұғалімнің барлығы тіл курстарынан өтті, алайда 818 мұғалім, яғни 12%-ы ғана толық форматта – сабақты толық ағылшын тілінде өткізеді. Ал қалған 5922 педагог ішінара қамту арқылы сабақ өткізеді. Дегенмен оқушылардың екі категориясы да бірдей қосымша төлемақы – ай сайын 35 394 теңге алады. Сонда тіл курстарынан өткенмен, сабақты толық ағылшын тілінде өткізе алмайды. Бұл жерде ағылшын тілін түрлі деңгейдегі сабақ өткізе отырып, бірдей қосымша ақы алады», - деді Жәмила Нұрмамбетова.
Бұған Күләш Шәмшидинова қазір мәселені талқылап жатқанын айтты.
«Пәндерді шетел тілінде үйретуге байланысты көптеген сұрақ болды. Ағылшын тілінде сабақ беруді үш жағдайда бастау керек болатын... Барлығына бірдей қосымша ақы төлеу шешімі о бастан қабылданып қойған. Қазір кімге қосымша ақы төлену керек, кімге төленбеу керек екенін нақтылау үшін мәселені қарастырып, талқылап жатырмыз», - деді білім және ғылым министрі. Ал Мәжіліс төрағасы Нығматулин министрге «ақшаны мұғалімнің білімі үшін емес, жай қағаз үшін төлеп, осындай білім жүйесіне балалар мен ата-аналар «баға» береді» дегенді айтты. «Мұнда талқылайтын не бар? Сіздер талқылағанға дейін 1,6 млрд теңге төлеп қойды. Күләш Ноғатайқызы, сіз тілді білгені үшін емес, сіз А4 форматындағы сертификатқа қосымша ақы төлеп жатырсыз деген сөз. Ашығын айтқанда, бұл сізге стратегиялық жоспардағы есеп көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Есеп комитетінің есебінде барлығы жақсы болып көрінеді. Ал тексере бастасақ... Сіз реттейміз дегенге дейін... Реттейтін түгі жоқ. Бұйрық шығарыңыз. Білімі сәйкес келмесе, төленбеу керек. Мұғалімдерге стимул болу керек. Осындай кәсіби емес білім жүйесінің кесірінен білім беру сапасы зардап шегеді. Ешкім үштілде білім беру керек емес демейді. Бірақ мұны бұл жұмысты есеп үшін емес, ақылмен, дұрыс істеу керек. Бұл жағдай оқушыларға не олардың ата-аналарына таныс. Міне солар біздің осындай жұмысымызға баға береді», - деді Нұрлан Нығматулин.