Тоқаев әлеуметтік көмек үшін ажырасуға тосқауыл қоюды тапсырды
2019 ж. 31 мамыр
3211
5
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетуіне байланысты алаяқтықты тоқтатуға тапсырма берді, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
"Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы", - деп жазды мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
Бұдан бұрын шымкенттік соттар хабарлағандай, көптеген отбасының өз шаңырағын шайқалтуына басты себеп атаулы әлеуметтік көмекті алу болып отыр. Көпбалалы аналар ажырастыруды талап етіп соттың алдын бермеуде. Ал әкелері мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатыр. Аптасына 10-15 арыз түсетін көрінеді.
Ақшалай атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға беріледі. Биыл атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 20 789 теңгеге дейін көтерілді. Оған өтініш қабылдау 2019 жылдың 1 сәуірінен басталды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, республикада 80 мыңнан астам отбасы 9,4 миллиард теңге жаңартылған атаулы көмек алды.