Қарағанды облысы әкімінің орынбасары пышақ жарақатын алды
2019 ж. 27 мамыр
3229
0
Әлеуметтік мессенджерлердің бірінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров пышақ жарақатын алғаны туралы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«26 мамырда сағат 05:30-да Қарағанды қаласының Орталық ПБ-не жедел жәрдем қызметінен пышақ жарақатын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, 1983 жылғы (қазанның 25) Алмас Айдаров (облыс әкімінің орынбасары) абайсызда пышақпен жарақат алғаны айтылған (оң жақ кеуде тұсынан терең емес жараланған). Жарақаттанушы ешкімнің үстінен арыз жазбайтынын мәлімдеген. А. Айдаровтың түсіндіруі бойынша торт кесіп жатқанда, абайсыздан қолындағы пышағы тайып кетіп, жарақаттанып қалған. Аталмыш дерек Қарағанды қалалық Полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне алынды», - делінген ақпаратта.
Бұл деректі Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінде растады. «Облыс әкімі орынбасарының жағдайы жақсы», деп сендірді баспасөз қызметіндегілер.
«А. Айдаровтың жағдайы туралы алаңдаушылық білдіргендеріңіз үшін рахмет. Бірақ уайымдауға еш себеп жоқ. Әкімнің орынбасары өзін жақсы сезінеді. Ертең әдеттегі режімде жұмысқа шығады», - деді облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Марина Шаповалова.
Алмас Айдаровтың Facebook-тегі парақшасында, аман-есен екенін, денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдірген жандарға алғысын айтып жазба жариялады.