Маңғыстау облысында жыл аяғына дейін бес балабақша пайдалануға беріледі
2015 ж. 04 қараша
3113
0
Бұл туралы Маңғыстау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Нарешова хабарлады. Оның сөзінше, білім беру саласына жұмсалған қаржы 45,5 млрд. теңгені құрайды, бүгінгі таңда облыс бойынша балаларға арналған 217 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, оларда 29,7 мың бала тәрбиеленеді.
- Білім беру нысандарын дамытуға 7,6 млрд. теңге қаражат қарастырылған, оның 4,1 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, ал 3,5 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаржыландырылуда. Қазіргі уақытта 2790 орынға арналған 12 балабақша, оның ішінде Мұнайлы ауданында әрқайсысы 280 орындық 2 балабақша, Бейнеу ауданында әрқайсысы 140 орындық 2 балабақша, Түпқарағай ауданында 140 және 50 орындық 4 балабақша, Ақтау қаласында 280 орындық 1 балабақша және жалпы саны 840 орындық 3 балабақша, Жаңаөзен қаласында жалпы алғанда 640 орындық 2 балабақша пайдалануға берілді. Бұдан басқа, 760 орындық 11 жеке меншік балабақша ашылды. Олармен қатар, жалпы саны 1080 орындық 5 балабақшаның құрылысы аяқталуда, - деп баяндады Светлана Нарешова.
“Нұрлы жол” бағдарлама аясында Қарақиян ауданының Жетібай ауылында 280 орынға шақталған балабақшаның құрылысы, Бейнеу ауылында 900 орындық орта мектептің құрылысы басталды.
- Биылғы жылы Қарақиян ауданының Құланды және Жетібай ауылдарында республикалық бюджеттің қаражатына салынған әрқайсысы 624 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, Маңғыстау облысы бойынша апаттық мектептерге қатысты мәселелер біржола шешілді, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының м.а. Светлана Нарешова.
Үш ауысымда білім беретін мектептерді жою мақсатында Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. 7 білім беру нысанының күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінді.
Mangystau Online ақпараттық орталығы