Баға бақылауға алынды
2015 ж. 28 тамыз
2604
0
Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Маңғыстау облысы әкімдігінің 2015 жылғы 20 тамызындағы отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, Қарақия ауданы әкімі Ә. Дауылбаевтың өкімімен теңгенің еркін айналымына кетуіне байланысты негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың өсуіне жол бермеудің алдын-алу мақсатында жұмысшы тобы құрылып, күнделікті бағаға мониторинг жүргізу үшін рейдтік шаралар ұйымдастырылып келеді.
Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Қ. Бековтың төрағалығымен құрылған арнайы топ мүшелері ауыл дүкендерін аралап, бағаның шектен шығып кетпеуін қадағалап, жеке кәсіпкерлер мен сатушыларға түсініктеме жұмыстарын жүргізуде.
Тапсырмаға сәйкес, ауыл әкімдері мен аудандық кіріс басқармасы және бөлім басшыларынан шұғыл топ құрылды. Бағаны бақылау жұмыстары күнделікті жүргізіліп отыр. Қазіргі таңға дейін Құрық ауылында баға тұрақты болып тұр. Дүкен иелерінің айтуларынша, жаңа тауарларды күтіп отыр.
- Біз өз тарапымыздан негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның шектен тыс көтеріліп, дүкен иелерінің өз еріктерімен заңсыз баға қоймауларын қадағалаймыз. Әсіресе, нан, сүт, май, ет басқа да күнделікті тұтынуға арналған әлеуметтік қажеттілігі бар азық-түлік тауарларының бағасын назарда ұстаймыз. Бүгінгі таңға дейін Қарақия ауданы көлемінде орналасқан азық-түлік дүкендеріндегі баға тұрақты. Қарақия ауданында халықтың ең көп шоғырланған елді мекені Жетібай ауылында 63 азық-түлік дүкені тіркелінсе, соның ішінде 49-ы жұмыс жасап тұр. Ал Құрық ауылында 50, Мұнайшыда 48, Сенекте 6, Құландыда 4, Бостанда 8, Болашақта 5 дүкен халыққа қызмет көрсетіп отыр. Бәрі де қалыпты жұмыс жасап тұр, – деді Қарақия аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрам Қыдырқожа.
Рейдтік шаралар барысында кейбір азық-түлік дүкендерінде тауарлардың арнаулы баға көрсеткіші жоқтығы байқалып, ескертулер берілді.
Анар ҚАЛЖАН