Денсаулық мәселесі басты назарда
2015 ж. 24 тамыз
4142
0
Денсаулық сақтау жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің тұрғындардың денсаулығын сақтау мәселелеріне арналған кезекті отырысына облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева мен облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары мен өңірдегі емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
ҚР «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау министрлігі 2011-2015 жылдарға» арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалысы мен 2015 жылдың алты айының қорытындысына орай алқа мәжілісін өткізген. Министрліктің сараптамасы бойынша елімізде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының денсаулық сақтау саласында кемшіліктер көп болып шықты. Бұл тізімде біздің өңірдің аты жоқ екен. Бірақ бұл Маңғыстау медицинасында мәселе жоқ деген сөз емес. Өкінішке орай, сәби өлімі деректерінен облысымыз ел аймақтарының алдында тұр. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап дүние есігін шыр етіп ашқан 120 нәресте 1 жасқа жетпей шетінеп кеткен. Бұл жоғары көрсеткіштің артында 120 болашақ пен 120 тағдыр тұр...
Осы жағдайларды баян ете келіп, облыстық үйлестіру кеңесінің төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева: «Халықтың денсаулығы – бұл ең басты байлығымыз болса, ана мен бала өмірін қорғау – міндетіміз. 7 айдың ішінде 120 сәбидің өмірден өтуі жанды ауыртатын статистика. Ақ халатты абзал жандар – дәрігерлердің жаны ашымаса, ана мен бала өміріне кім араша тұрады? Бұл – 9 жыл оқып, білім шыңына шыққан дәрігерлеріміз өз қызметтерін дұрыс атқара алмайды деген сөз. Әрине, медицина қызметкерлері мүлдем жұмыс жасамайды емес, жұмыс жүріп жатыр. Бірақ, ол өз деңгейінде емес болғаны. Медицина саласында менеджмент жетіспейді, қала, аудан әкімдерімен бірігіп жұмыс жасау керек»,-деді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаевтың айтуынша, биылғы жылдың 7 айында 10721 сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылға қарағанда 123 балаға аз. Ал 2014 жылы 112 бала түрлі себептен қайтыс болса, биылғы көрсеткіш 120 болып отыр. Олардың 8-і облыстық перинаталдық орталықта, 6-ы облыстық балалар ауруханасында көз жұмған.
– Осыған орай, бұл емдеу мекемелерінің басшыларына сәби өлімін азайтуға қатысты нақты шаралар қолға алу тапсырылып, Алматы қаласындағы акушерлік-гинекология және перинатология Ұлттық орталығынан мамандар шақырылды. Шетінеген әрбір баланың медициналық құжаттары зерттеліп, нұсқаулар берілді. Бүгінде Астанадағы Ана мен бала ұлттық орталығында 25 маңғыстаулық дәрігер білімін жетілдіруде болса, олардың 9-ы акушер-гинекологтар, 16-сы неонатологтар. Ағымдағы жылдың 9 айынан соң, қорытынды жасалып, нәтижелер сарапталатын болады. Сәби өліміне әкелетін ана мен баланың перинаталдық кезеңдегі жағдайы болса, 19 пайызы туа біткен, 7 пайызы тыныс алу орындарының аурулары болып отыр, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Р.Бектубаев.
Бала сүйіп, өмірге ел болашағы- ұрпақты әкелуді ізгі ниет еткен аналар арасында да өлім азаймай отырғаны ақиқат. 2008 жылы аймағымызда 11, 2009 жылы 7 ана арманына жетпей көз жұмса, 5 жыл ішінде бұл көрсеткіш 4 есеге артып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылдың мамыр айында Мұнайлы ауданында тұратын 27 жастағы жүкті әйел облыстық перинаталдық орталықта қайтыс болған. Арнайы жасалған сараптама бұл қайғылы жағдайға медицина қызметкерлерінің қатысы барын көрсеткен. Учаскелік дәрігерлер өз қызметін дұрыс атқармаған. Аяғы ауыр анамен жүктіліктің алғашқы айларында түсінік жұмыстары жүргізілмеген. Облыс әкімі орынбасарының ана өліміне қатысты сауалдарына Р.Бектубаев «Ана өлімінің басты себебі – әйелдер денсаулығының төмендігі» деп жауап берді. Басқарма басшысының айтуынша, әйелдер арасында қаназдық кең таралған, бүйрек аурулары көп. Болашақ аналар өз денсаулықтарына аса көңіл бөлмейді.
Тіпті бала көтеруге денсаулығы жарамайтын әйелдер де тәуекелге бел буып, өмірге бала әкелуді ойлайды. Қазірде дәрігерлер бақылауында ауыр жағдайда жүкті болып жүрген ондаған нәзік жандылар тіркелген. Олардың арасында мүгедек әйел де бар. Осындай мәселелерді ашық талқылауға тырысқан ауқымды жиын барысында тұрғындардың Маңғыстау медицинасына қатысты пікірлері жинақталған бейнесюжет көрсетілді. Қатысушылар көптеген ақтаулықтардың дәрігерлер қызметіне қанағаттанбайтынына куә болды.
Бейнесюжетте ағынан жарылып, ашына сөйлеген тұрғындар облысымыздағы емдеу мекемелерінің қызметіне көңілдері толмайтындықтарын айтқан. Көпшілігі емханалардағы сарылған кезектер туралы айтса, бірқатары дәрігерлердің науқастармен қарым-қатынасы төмен деп санайды. Жоғары білімді мамандар арасында тәніне шипа іздеп келген тұрғындармен дөрекі сөйлесіп, дәрігерлік деонтологияны сақтамайтындары жиі кездеседі. Жедел жәрдем қызметіне де тағылар сын жетерлік.
– Жақында іссапармен Маңғыстау ауданының Сайөтес ауылында болып, дәрігерлік амбулаторияға бардым. Ауылдың басты емдеу мекемесінде қымбат құрал-жабдықтар бар, бірақ су жоқ. Су жоқ жерде науқасқа қандай ем көрсетуге болады? Дәрігер ауылдағы жүкті әйелдер мен сәбилердің саны түгілі, өз ұжымында қанша адамның барын білмейді. Бұл не деген масқара?-деді Бану Ғаниқызы.
Ал, дәрігерлер медицина қызметінің төмендігін материалдық жағдаймен байланыстырады. Басты себеп, облысымызда мамандар жетіспейді. Білікті мамандарды басқа жақтардан шақыру үшін оларды пәтермен қамтамасыз ету керек. Дәрігерлер жалақысының төмендігі, өңірімізге әр жақтан келушілердің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайтындығы да жағдайды ушықтырып отыр. Ал, жедел жәрдем қызметіне сынның айтылуы – облыс орталығы аумағының күн санап кеңеюінен. Ақтаудағы 30,31,32 және 33-ші шағынаудандардың орталықтан қашықтығы мен жолдардың нашарлығы да осыған себеп болуда. Облыс бойынша жедел жәрдем көліктері жетіспейді, аудандар мен Жаңаөзен қаласы үшін 16 санитарлық автокөлік қажет етілуде.
Бұдан кейін медицина ұйымдары мен фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Елдеш Қосмағанбетов пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі туралы айтты.
– Пациенттерді қолдау орталығы емдеу мекемелерінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен 2009 жылы құрылған болатын. Басты мақсат – науқастар мен дәрігерлер арасында байланыс орнату. Өкінішке орай, орталықтың жұмысы мен ішкі аудит қызметі жеткіліксіз жүруде. Онлайн жүйесіндегі сенім телефондары жұмыс істемей тұр. Биылғы тексеріс кезінде 11 мекеменің жедел телефон желісінің жұмыс істемейтіндігі анықталды, көп мекемелер телефон қоңырауына жауап бермейді. Яғни осы қызметке жауапты дәрігер-эксперттің жұмысы жолға қойылмай отыр,-деді Елдеш Қосмағанбетов.
Денсаулық сақтау саласының бүгіні мен ертеңіне арналған отырыстың күн тәртібінде сөз алғандардың бірі облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Марал Қадыр болды. Ол келтірген статистикалық мәліметтер бойынша, облыста 2015 жылдың 6 айында туберкулезбен ауырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсіп, орта республикалық көрсеткіштен 11,4 пайыз жоғары болғанын көрсетіп отыр. Жұқпалы ауру Бейнеу ауданында - 1,6 есеге, Түпқараған ауданында – 2 есеге, Ақтау қаласында 26, Мұнайлы ауданында – 8,2 пайызға өскен. Өткен жылы 193 жан бұл әлеуметтік дертке ұшыраса, биыл олардың саны 214-ке жетті. Әсіресе, балалар арасында туберкулез көбейіп кеткен. Өкінішке орай, балалар арасында туберкулез дерті бойынша Маңғыстау облысы бірінші орында тұр. Жас өскіндерді осы бір жұқпалы сырқаттан қорғай алмай отырмыз. Жасөспірімдер арасында да өсу көрсеткіштері байқалады. Балалардың арасында аурушаңдықтың жоғары деңгейі Бейнеу мен Түпқараған аудандарында өсіп кеткен көрінеді.
Жасөспірімдердің арасында туберкулездің ыдырау сатысында, бациллярлық түрінің анықталуы, емдеу-сауықтыру мекемелерінде есепте тұрған жасөспірімдерге медицина қызметкерлерінің тарапынан, профилактикалық медициналық бақылаудың сапалы жүргізілмейтінін, жоспарға сәйкес флюорографиялық рентген тексеруі қолға алынбайтыны және балаларды дер кезінде категориясына өткізіліп, тиісті дәрігерге жүктелмейтіні байқалады. Соның салдарынан, жасөспірімдер арасында ауру көбейіп барады,-деді Марал Жұмабекқызы.
Туберкулезді түбегейлі құрықтай алмаудың себебі - медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі, егудің дұрыс жүргізілмеуі,- деп атап өтті ол. Ауруды ерте анықтауда жергілікті мамандар енжарлық танытып, микроскопиялық әдісті кең қолданбайды. Науқастардың 60 пайызы ауырып, дәрігер көмегіне өздері жүгінген. Егу шарасы да төменгі деңгейде жүргізіліп отыр. Көптеген ата-аналар ел ішінде болып жатқан жағдайлардан үрейленіп, балаларын егуден бас тартуда. Олармен түсінік жұмыстары тиісінше жүргізілмегендіктен, егілмей қалған сәбилер саны көбеюде. Ал, сырқатқа шалдыққан балаларды сауықтыру шаралары да көңіл көншітпейді. Осы жылдың алты айында науқас балғындардың тек 77 пайызы ғана сауықтырудан өткен. Оған санаторлық балабақшалар мен орталықтардың жетіспеушілігі себеп болуда. Жаңаөзен қаласы, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылына, Қарақия ауданына қарасты Жетібай кентіне, Мұнайлы ауданының Атамекен елдімекеніне арнайы балабақша салу қажеттілігі туындап отыр.
Облысымызда 1394 дәрігер, 4902 орта білімді медицина қызметкері бар. Бұл өңір тұрғындарын медициналық көмекпен толықтай қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Негізгі мамандықтар бойынша 170 дәрігер, атап айтқанда анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер, педиатрлар мен неонатологтар қажет.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева жиналғандарды тұрғындар денсаулығын қорғауға бар күш-жігерлерін салуға және адамдар өміріне жауапты болуға шақырды. Дені сау ұлттың ғана болашағы жарқын болмақ.
Мangmedia.kz.