Балабақша мен ата-ана арасындағы ынтымақтастық арта түсті
2015 ж. 10 шілде
9210
0
Жуырда Жаңаөзен қаласы, №8 «Ақбөбек» балабақшасында «Ата-аналарға арналған консультациялық пункттің жұмысын ұйымдастыру жолдары» атты облыстық семинар өтті.
Облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының мұрындық болуымен өткен облыстық семинар мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылмаған балалардың білім алуына жағдай жасау мәселесін қозғады. Бұл мәселені шешу жолдарының бірі - консультациялық пунктер құру. Облыстық семинардың мақсаты да сол, мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттің жұмысын ұйымдастыру бойынша тәжірибе тарату, екі жақтың байланысын күшейту, бағытты жұмыс ұйымдастыруына әдістемелік көмек көрсету. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті халыққа арнаған Жолдауында «Туу көрсеткішінің жоғарылығын, жалғасып жатқан демографиялық өсімді ескере келе, мен «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдадым. Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100 пайыз қамтуға қол жеткізу міндетін қоямын» деген болатын. Бұл өзекті мәселеге Елбасы айрықша назар аударып, балаларды мектеп табалдырығын аттамас бұрын мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтамасыз етуін талап еткен.
Қордаланған мәселені шешуге қадам жасаған семинар №8 «Акбөбек» балабақшасында өтудің өзіндік себебі бар. «Ата-аналарға арналған ең үздік консультациялық пункт» атты сырттай облыстық байқауда жоғары нәтижелер көрсетіп, жеңіске жеткен балабақша республикалық байқауда да І орын иеленді. Консультациялық пунк ұйымдастыруда алдына жан салмаған балабақша ұжымы енді басқа мектепке дейінгі білім мен тәрбие орталықтарының қызметкерлерімен тәжірибесімен бөлісуді мақсат етіп отыр.
Облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының қызметкерлері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтары жиналған семинар 2 бөлімнен (практикалық және теориялық) тұрды. Шараны облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының директорының міндетін атқарушы Сұлу Еламанова және № 8 «Ақбөбек» балабақшасының директоры Айсұлу Исаева алғы сөзімен ашты.
Семинардың практикалық бөлімінде психолог Тілектес Ибраева «Баланың балабақшаға бейімделуі» тақырыбында кеңесімен бөліссе, тәрбиеші Шынар Азан және балабақша медбикесі Күнсұлу Сындыбаева дөңгелек үстел, өзін-өзі тану пәнінің жетекшісі Алтынай Етенбаева «Развивайка в гостях у родителей» атты шеберлік сабақ ұйымдастырды. Ал теориялық бөлім дөңгелек үстелге ұласып, Жаңаөзен қаласы білім үйлестіру орталығының әдіскері Бақтыгүл Қаршығаева «Ата-аналарға арналған консультациялық пункт жұмысын жандандыру» тақырыбында баяндама оқып, №8 «Ақбөбек» балабақшасының директоры «Балабақшада ата-аналарға арналған консультациялық пунктті ашу жолдары» атты іс-тәжірибесімен таныстырды. Онда консультациялық пункттің бала тәрбиесінде алар орны мен бүлдіршіндерге педагогикалық және психологиялық көмек беруде ата-аналармен бірігіп жұмыстану қажеттігі айтылды. Сондай-ақ балаға дұрыс тәрбие, білім беруде балабақша мен ата-аналардың ынтымақтастығы маңызды рөл атқаратыны сөз болды.
Семинар қорытындысында қатысушылар ашық сабақтарды талдап, ұсыныстарын ортаға салды. Онымен қоса бүлдіршіндер дайындаған «Шебер қолдар шуағы» атты көрме мен шағын концертті тамашалап, ыстық қошеметін көрсетті.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы