Жаңа медициналық орталық ашылады

мет-2 Жақын күндері Маңғыстау ауданының Шетпе кентінде заманауи медициналық орталық жұмысын бастайды. «Өркен» деген атпен жаңадан ашылатын орталық тұрғындарға ақылы түрде қызмет көрсетпек. Жаңа нысанды жеке кәсіпкер Байқадам Кусимбаев «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында «Даму» Қорының кепілдігімен алынған қаржыға іске қоспақ. damu Орталық басшысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Маңғыстау облыстық филиалының кепілдігімен «Қазақстан Халық банкі» АҚ –нан 5 жылға 15 млн.теңге несие алған. «Отбасылық кәсібімізді өркендету мақсатында жеке медициналық орталықты іске қосуды қолға алдық. Бұдан бөлек ауданымызда екі жекеменшік дәріханамыз жұмыс жасайды. Ал, бұл жолы алған қаржыға лабороториялық, УЗИ, жүрек, тіс түсіретін аппараттар, қажетті құралдарды сатып алмақшымын. Тұрғындарға ақылы түрде қызмет көрсетеміз, бағамыз да қолжетімді болады. Енді Маңғыстау ауданының тұрғындары қалаға сабылып қатынамай, аудан орталығына да қажетті медициналық көмекке жүгіне алатын болады. Өйткені Шетпе кентінде бір ғана аудандық аурухана жұмыс жасайды, ол жерде ұзын-сонар кезек»,-дейді Байқадам Кусимбаев. мед-1 Байқадам Кусимбаев-медицина саласында 13 жыл абыройлы әрі жемісті еңбек еткен. Елге еткен еңбегі еленіп, хирург-дәрігер 2011 жылы «Аудандық үздік дәрігер» аталымымен марапатталған.  Ақ халатты абзал жан осы уақытқа дейін 700-ге жуық науқасқа ота жасап, халықтың ықыласына бөленіпті. Соңғы жылдары аудандық ауруханада хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған. Енді міне, жеке кәсібін дөңгелетіп, денсаулық сақтау саласының дамуына жеке кәсіпкер ретінде  үлесін қоспақ ниетте. Кәсіпкердің бастамасымен іске қосылатын орталықта ауыл тұрғындары үшін терапевт, УЗИ дәрігері, хирург, невропатолог, педиатр, кардиолог дәрігерлер жұмыс жасайтын болады. Кең де жарық ғимаратта заманауи құрал-жабдықтармен тұрғындарға сапалы, медициналық қызмет көрсетілмек.  Кәсіпкердің айтуынша, орталық жақын арада халық игілігіне жұмыс жасайтын болады. мет-3 мет-4

Ақпарат көзі: Мangmedia.kz.