Ақтауда халықаралық көрме өтті
2015 ж. 04 шілде
5694
0
Ақтауда құрылыс индустриясы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша қазақстандық және шетелдік компаниялардың көрмесі өтті.
Көрме Ақтауда 15-17 маусым аралығында ұйымдастырған Астаналар мен ірі қалалар Халықаралық Ассамблеясының (АХА) кезекті ХХIII сессиясы мен «Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында (ТКШ) жаңа технологияларды енгізу» тақырыбындағы Халықаралық конференциясы шеңберінде өткізіліп отыр.
Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, АХА ұйымының атқарушы вице-президенті, бас директоры В.Селиванов, «ТМД экономикалық даму іскерлік орталығы» коммерциялық емес әріптестігінің бас директоры В.Савченко, Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин, облыс және қала әкімінің орынбасарлары, АХА ұйымына мүше қалалардың басшылары және халықаралық шараның басқа да қонақтары қатысты.
Ассамблеяның «Город, где хочется жить» - 2014 ЕурАзЭҚ және ТМД қалаларының тәжірибесі VІІ Халықаралық байқауының нәтижесі бойынша Ақтау қаласының жеңімпаздар қатарынан көрінуіне септігі тиген «Е-регион» автоматтандырылған басқару жүйесін енгізуші «Smart-ex» ЖШС атқарушы директоры А.Арынова халықаралық шара аясындағы көрменің тұсауын кесті. Ол компанияның ақпараттық технология саласындағы тың жетістіктері мен бастамаларын тілге тиек етіп, Ақтауда енгізілген бағдарламаның басымдылықтары мен артықшылықтарын нақты атап өтті.
Бұдан кейін, шара қонақтары құрылыс пен ТКШ саласындағы қызмет көрсетуші шетелдік және қазақстандық компаниялардың ұсынатын өнім түрлері және қолданылатын технологияларымен танысты.