Жаңаөзенде 1-желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент күніне орай мәдени шаралар басталды

Снимок   1-желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент күніне орай «Өзенмұнайгаз» АҚ ұйымдастыруымен Жаңаөзен қаласында мәдени-көпшілік шаралар басталды. Мереке қарсаңында ұйымдастырылып отырған шара шымылдығы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының «Бес бойдаққа бір той» спектаклімен ашылды. Қала тұрғындары тегін тамашалаған қойылымға «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров қатысты. «Компания Жаңаөзендік мұнайшыларға мереке қарсаңында рухани демалыс сыйлау мақсатында мәдени шараларды ұйымдастырып отыр. Өткен жылы М.Әуезов атындағы театр, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрын шақыртып,  жаңаөзендіктер үздік театрлардың өнерін тамашалаған еді. Осы жылы да игі дәстүрді жалғастырып отырмыз. Н.Жантөрин атындағы театр апта бойы өз көрермендерімен қауышады. Мұнан өзге де мәдени шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз» деді өз сөзінде Мақсат Ибағаров. Мереке қарсаңындағы театр апталығында өнер ұжымы «Пай, пай, жас жұбайлар-ай!», «Перзентхана», «Әпке», «Қош, махаббат», «Келіндер көтерілісі», «Ғашықсыз ғасыр» қойылымдарын көпшілік назарына ұсынбақ.